Azerbaijan Airlines ұшағында аман қалғандардың тізімі жарияланды
Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Ақтау қаласы маңында құлаған ұшағында аман қалғандардың тізімі жарияланды.
Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған тізімде 29 азамат бар, оның екеуі бала.
Тірі қалғандар арасында Қырғызстанның екі азаматы, Әзербайжанның 14 азаматы мен 10 Ресей азаматы бар. 3 адамның қай елдің азаматы екені әлі белгісіз. Жария болған тізімде Қазақстан азаматы жоқ. Ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болғаны белгілі.
Осыған дейін министрлік 4 адамның қайтыс болғанын жазған. Ресейлік Baza басылымы қайтыс болғандар арасында Қазақстанның 1 азаматы барын жазады.
Әзербайжандық басылымдар AZAL әуе компаниясының ақпаратына сүйеніп, тірі қалғандар саны 32 адамға жеткенін жазады. Бұған қоса, экипаж мүшелерінің бәрі қайтыс болғанын атап өткен.
Дәл қазір Ақтау қаласының қан қабылдау орталығы қала тұрғындарын сағат 16:00-ге дейін келіп, қан тапсыруды сұраған. Ақтаулықтар қан тапсыруға барып жатқаны белгілі.
Айта кетейік, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласы маңында Azerbaijan Airlines компаниясының Бакуден-Грозный бағытында ұшып бара жатқан Embraer 190 ұшағы апатқа ұшыраған.