Nvidia 2025 жылы үстемдік таныта ма? S&P 500 өсімі болжамнан асып түсті, Келер жылы алтын бағасы өсуі мүмкін
Өткен демалыс күндері іскерлік басылымдар бұрынғы болжамдарын еске түсіріп, жаңа болжамдарды жинады. Бір жыл бұрын Уолл-стриттің жетекші сарапшылары нарықтың құлдырауын күтті. Бірақ қателесті. Қор нарығы индекстерінің айтарлықтай өскенін ешкім де болжай алмады. Ал 2025 жылға арналған үміттер мен болжамдар оптимизмге толы.
Nvidia биыл үстемдік танытты. Келесі жылы не болмақ?
Nvidia акциялары 2024 жылы 178%-ға қымбаттап, жасанды интеллектіге арналған техникалық шешімдер нарығының шамамен 90%-ын иеленді. Yahoo Finance «2025 жылы Nvidia акциялары өсу қарқыны жалғаса ма» деген сұраққа қатысты сарапшылардың пікірін жинады.
Futurum Group компаниясының бас директоры Дэниел Ньюманның айтуынша, Nvidia қазір жасанды интеллект нарығында аппараттық және бағдарламалық шешімдерді тиімді үйлестіруі арқылы көшбасшы болып отыр.
Бірақ бәсекелестер де қарап отырған жоқ. Мысалы, AMD компаниясы MI300X чиптер сериясы арқылы Nvidia клиенттерін өзіне тартуға тырысты. Intel өздерінің Gaudi процессорын ұсынды. Ал Broadcom Google компаниясымен бірлесіп, өз чиптерін әзірлеу үстінде.
Алайда TECHnalysis Research сарапшысы Боб О’Доннелдың пікірінше, 2025 жылы да Nvidia жасанды интеллектіге арналған чиптердің басым бөлігін жеткізуші болып қала береді. Оның айтуынша, тіпті AMD компаниясының да көшбасшыны ығыстыру мүмкіндігі аз.
S&P 500 индексінің өсімі болжам жасаушыларды таңғалдырды
Стратегтер 2024 жылды АҚШ қор нарығы үшін қарапайым жыл болады деп болжаған еді. Бірақ S&P 500 индексі 25%-ға өсіп, 1990 жылдардан бері ең жақсы нәтижесін көрсетті. Қаңтардың соңына қарай бұл индекс Уолл-стрит сарапшыларының орташа жылдық мақсатты деңгейінен асып, рекорд жаңартуды жалғастырды.
Fundstrat компаниясының өкілі Том Ли және Oppenheimer компаниясының сарапшысы Джон Штольцфус S&P 500 индексі 2024 жылы бар болғаны 9%-ға өседі деп күткен-ді. Бірақ бұл межеден индекс үш айға жетпей-ақ асып кетті. Нәтижесінде АҚШ-тағы жоғары пайыздық мөлшерлемелерге қарамастан, 1990 жылдардың соңындағы «доткомдар дәуіріндегі көпіршіктен» бері ең үлкен жылдық өсім болды.
«Мұның барлығында керемет бір элемент бар. Енді бұл ралли біздің қиялымыздан да ұзаққа созылуы мүмкін», – дейді Evercore ISI компаниясының акциялар бойынша бас стратегі Джулиан Эмануэль. Ол 2024 жылдың ортасына дейін S&P 500 индексінің құлдырауы туралы теріс болжамынан бас тартты.
АҚШ экономикасының қуаты компания табыстарының өсуіне және жасанды интеллектіге қызығушылықтың артуына байланысты бигтех секторындағы раллиді жалғастырды. Дональд Трамптың президент сайлауындағы жеңісінен кейін, нарыққа қосымша серпін қосылды. Инвесторлар Трамптың салық жеңілдіктері мен реттеуді жеңілдету туралы уәделерін оң бағалады.
JPMorgan компаниясының қор нарығын зерттеу бөлімінің басшысы Дубравко Лакос-Бухас 2024 жылы сарапшылардың қателігін АҚШ-тың «Таңдаулы жетілік» технологиялық компаниялары акцияларының айырықша өсуімен түсіндірді.
Уолл-стрит 2025 жылы инфляцияның өсіміне алаңдаулы
Биыл инфляция АҚШ экономикасындағы негізгі мәселелердің біріне айналды. Yahoo Finance хабарлауынша, жаңа «инфляциялық толқын» қаупі 2025 жылы да сақталады.
«Біз өсім қарқынының біртіндеп баяулауын күтеміз, бірақ ол ФРЖ үшін әлі де қолайсыз деңгейде қалады», – деп мәлімдеді Deutsche Bank-тің бас экономисі Мэтью Луццетти.
ФРЖ-ның нысаналы көрсеткіші 2%-ды құрайды. Алайда қараша айының қорытындысы бойынша базалық жеке тұтыну шығындары индексі (PCE) мен тұтыну бағалары индексі (CPI) тиісінше 2,8% және 3,3%-ға өсті (жылдық есеп бойынша). Экономикалық болжамдар жинағында (SEP) көрсетілген ФРЖ-ның жаңартылған деректеріне сәйкес, 2025 жылы АҚШ-та инфляция 2,5%-ға жетеді деп күтіліп отыр. Бұл бұрынғы 2,2%-дық болжамнан жоғары. 2026 жылы инфляция 2,2%-ға, ал 2027 жылы 2%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр.
Bloomberg сауалнамасына қатысқан 58 экономистің басым бөлігі 2025 жылы базалық PCE көрсеткіші 2,5%-ға, ал 2026 жылы 2,4%-ға дейін баяулайды деп күтіп отыр.
«Тәуекелдер жоғары инфляцияның ықтималдығы бағытында артып отыр. Бұған негізінен Трамп әкімшілігінің импорттық тауарларға баж салығын арттыру және иммиграцияға қатысты экономикалық бағдарламалары әсер етуі мүмкін», – дейді Oxford Economics компаниясының АҚШ бойынша жетекші экономисі Нэнси Ванден Хаутен.
Ал экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Колумбия университетінің профессоры Джозеф Стиглиц: «Инфляциялық спираль туралы ойлана бастаған сәтте-ақ бағалар өседі» деп мәлімдеді. Ол 2025 жылы инфляциялық қысым сақталса, ФРЖ мөлшерлемелерді көтеретініне сенімді. Соның салдарынан АҚШ экономикасы тоқырауға ұшырауы мүмкін.
2025 жылы алтын бағасы өсе ме?
2024 жылы алтын құны 27%-ға артып, тарихтағы ең үлкен жылдық өсімдердің бірін көрсетті. Бұл S&P 500 индексінің 25%-дық өсімінен жақсырақ, бірақ Nasdaq Composite индексінің 31%-дық нәтижесінен төмен. WSJ-дің хабарлауынша, JPMorgan, Goldman Sachs және Citigroup сарапшылары 2025 жылы алтынның бағасы трой унциясы үшін 3000 АҚШ долларына дейін (+14,5%) көтерілуі мүмкін деп санайды.
Бұған негізгі себеп ретінде Таяу Шығыстағы және Украинадағы соғыстар салдарынан туындаған геосаяси белгісіздік. Сондай-ақ Дональд Трамптың Қытай және басқа елдермен сауда қақтығыстарын ушықтырамын деген уәдесі аталып отыр. Сонымен қатар орталық банктердің алтынға деген сұранысы артып келеді. Goldman Sachs деректері бойынша, Қытайдың резервтері 2008 жылдан бері үш есе өскен. Сатып алу процесі жалғасуда.
Сонымен қатар сарапшылардың айтуынша, алтын бағасының өсуі әдетте ұзақ мерзімге созылады.