Қазақстанда қанша жаңа кен орындары анықталды? Оларды кім игереді?
Желтоқсан айының ортасында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті Қазақстанда жалпы қоры 76 млрд тоннаны құрайтын болжамды отын ресурсы бар 15 кен орны анықталғанын хабарлады. KursivMedia редакциясы бұл кен орындары елдің қай өңірлерінен анықталғанын сұрап, минстрлікке сауал жолдаған болатын.
Министрлік мәліметінше, анықталған 15 шөгінді бассейндерінің зерттелу дәрежелері әртүрлі. Солардың ішінде бесеуі игеріліп жатыр. Олар:
- Каспий маңы – 63,1 млрд тонна;
- Үстірт-Бозашы – 1,8 млрд тонна;
- Маңғышлақ – 4,0 млрд тонна;
- Оңтүстік-Торғай – 1,5 млрд тонна;
- Зайсан – 0,1 млрд тонна.
Солардың ішінде аз зерттелген кен орындары бар. Олар – Солтүстік-Торғай – 1,1 млрд тонна, Арал – 0,95 млрд тонна, Сырдарья – 0,9 млрд тонна, Шу-Сарысу – 1,1 млрд тонна, Ертіс маңы – 0,6 млрд тонна.
Бұдан бөлек перспективалы орындар да анықталған. Бұл кен орындары Солтүстік Қазақстанда (0,1 млрд тонна), Теңізде (0,1 млрд тонна), Балхашта (0,4 млрд тонна), Алакөлде (0,3 млрд тонна) және Іле маңында (0,9 млрд тонна) орналасқан.
Үкімет енді аз зерттелген Солтүстік Торғай, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу және Ертіс маңы шөгінді бассейндерінің потенциалына қатысты зерттеу жүргізуді көздеп отыр. Солардың ішінде алаңы 56 мың шаршы шақырымды құрайтын Арал бассейні шегінде зерттеу жұмыстары аяқталуға жақын.
«Бұл жерде геологиялық-геофизикалық әдістермен, Шығыс және Батыс учаскелерінде шөгінді бассейндердің ішкі құрылымын зерттеу бойынша 2Д сейсмикалық барлауды пайдалана отырып өңірлік зерттеу жұмыстарын аяқтау күтілуде», – деп хабарлады министрлік.
Жұмыс нәтижелері бойынша Арал маңындағы «Батыс» учаскенің болжамды ресурстары 0,8 млрд тонна көлемінде. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң, бұл учаскелерде терең зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек Солтүстік-Торғай, Сырдария Шу-Сарысу шөгінді бассейндерінде алдағы уақытта зерттеулер жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген. Атап айтқанда, Сырдария шөгінді бассейнінде зерттеу жұмыстары 2025 жылы жүргізілмек. Бұл жерде жер қойнауын геологиялық зерттеу жұмыстары мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асады.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде анықталған перспективалы учаскелер әрі қарай барлау жұмыстарын жүргізуге жер қойнауын пайдаланушыларға беріледі. Бұл инвестиция арқылы барлау жұмыстарын жоспарлауға негіз болады», – делінген жауапта.
Мұнай қорынан бөлек, 2023 жылғы 25 желтоқсанда Қарағайлыактас кен орны бойынша литий қоры анықталған. Бұл кен орны Алматы облысының Райымбек ауданында орналасқан. Бұл жердегі қалайы, литий және құрамында вольфрамы бар кен орындарын барлау құқығы жергілікті компанияға берілген.
Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті Қазақстанда 76 млрд тонна болжамды отын ресурсы бар 15 кен орны анықталғанын хабарлады.