Украина «Дружба» мұнай құбырына шабуыл жасады
Украинаның қарулы күштері Ресейдің Брянск облысында «Дружба» мұнай құбырына шабуыл жасауға ұмтылды. Бұл құбыр арқылы Қазақстан Еуропаға мұнай жеткізіп отыр.
Mash-тың хабарлауынша, бұған Словакия премьер-министрі Роберт Фицоның Украинаға электр қуатын жеткізуді тоқтатуы мүмкін екені туралы мәлімдемесі түрткі болуы ықтимал.
Мамай елдімекендегі нысанға таңертең соққы жасалған. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылға «Пекло» атты реактивті зымыран-дрон қолданылған. Құбырдың өзі аман. Бірақ құбыр аумағындағы техникалық ғимараттың бір бөлігі қираған. Адам шығыны жоқ. Бұл мұнай құбыры – шекара алдындағы соңғы мұнайды құбыр бойымен қуалай айдайтын соңғы бекет. Еуропаға мұнай осы жерден жөнелтіледі.
Словакия премьер-министрі Роберт Фицо мұның алдында Украина арқылы өтетін Ресей газының транзитіне қатысты жағдайды бағалап, Киевка қарсы жауап шараны қарастыратынын айтқан. Оның ішінде электр қуатын жеткізуді тоқтату мәселесі де бар.
Қазақстандық ірі мұнай компаниялары геосаяси жағдайларға байланысты ТҚК-ға балама жолдарды іздеп, сынақ ретінде осы «Дружба» мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдай бастады. Мәселен, Итальяндық Eni компаниясының еншілесі – қазақстандық Agip Caspian Sea 20 000 тонна шикізат жіберді. Былтыр жапониялық Inpex те «Дружба» арқылы Қашаған мұнайын Германияға жіберіп көрген-ді. Ал «ҚазТрансОйл» былтыр «Дружба» магистральдық мұнай құбыры арқылы 993 мың тонна мұнай тасымалдады.
Жалпы Қазақстан «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға 1,2 миллион тонна мұнай жеткізу жоспарын жария еткен еді.
Алайда Минск «Дружба» мұнай құбырының қазақ мұнайын тасымалдайтын солтүстік тармағы үшін тарифті 43%-ға көтеретінін мәлімдеді. Ал Ресейден Еуропаға мұнай жеткізетін оңтүстік тармағына тарифті 14,5%-ға көтеруді жоспарлап отыр.