Ұшақ апатынан кейін қамалған блогер мәйіттерді ашық түсірмегенін айтты

Жарияланды
Ұшақ апатынан кейін қамалған блогер өлген адамдарды ашық түсірмегенін айтты / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ақтау маңындағы ұшақ апатының орнын суретке түсіргені үшін 10 күн қамауда болып келген маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев «мұндай әкімшілік жаза қоғамдық белсенділігіме әсет етпейді» деп отыр. Бұл туралы ол KursivMedia тілшісіне білдірген пікірінде айтты.

«Мені жапқаны нағыз бассыздық. 10 күнімізді басымды көтеріп отырып шықтым», – деген ол облыстағы резонанстық оқиғалар туралы хабарлауын жалғастыра беретінін жеткізді.

Оның сөзінше, әкімшілік іс бойынша өткен сот процесінде учаскелік полицей апат орнында түсірілім жасауға тыйымды қандай заңға сүйеніп салғанын түсіндіре алмаған. Тек басшысының ауызша бұйырығы негізінде әрекет еткен.

Блогер ұшақ апаты болған күні оқиға орнына бірқатар әлемдік және жергілікті медиалардың дереккөзі ретінде эксклюзив контент түсіруге барғанын, этика нормаларын бұзбағанын атап өтті.

«Ұшақ апатында қаза тапқандардың ашық күйдегі денелерін түсірген жоқпын. Барлық денелер брезентпен жабылған болатын. Егер менің фотоларымда қандай да бір «этика» немесе «моральдық нормаларды» бұзған сәттер болса, Instagram сияқты әлеуметтік желілер бұл суреттерді автоматты түрде бұғаттаған болар еді. Оның үстіне, менің фотоларымды жариялаған ақпараттық агенттіктер де мұндайға жол бермес еді. Егер жол-көлік оқиғасы немесе басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі кез келген фото-видео түсірілімдер үшін жауапкершілікке тарту керек болса, бұл оқиға орнын түсірген барлық адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететін жағдайға айналар еді», – деп түсіндірген Азамат Сәрсенбаев сотта болған оқиғаны.

Айта кетейік, Азамат Сәрсенбаев 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған жерді алғаш болып суретке, видеоға түсірген. Блогер сол күні апат болған жерде рұқсатсыз фото, видео түсірілім жүргізді деген айыппен ұсталып, 26 желтоқсан күні 10 күнге қамалған.

Азамат Сәрсенбаев – маңғыстаулық блогер. Өңірдегі маңызды оқиғалардың басы-қасынан табылып, облыстағы оқиғалардың республикаға таралуына жиі себепкер болады. Мәселен, күзде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында итбалықтар жаппай қырылып жатқанын көпшілік осы блогердің жазбалары мен түсірген суреттерінен білген.

Сондай-ақ оқыңыз