“Бас сүйегінің жартысына пластик қояды”: Шыршадан құлаған мұғалімнің жағдайы қалай

Жарияланды
Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Cемейде шыршаны безендіру кезінде құлап, басынан ауыр жарақат алған мұғалім Қуат Айтқалиев ауруханадан шығып, емін үйде жалғастырып жатыр. Жары Сымбат Аянқызы Kursiv.Media тілшісіне күйеуінің жағдайы орташа екенін, басы жиі айналып, күтімді қажет ететінін айтты.

«Қазір үйде күтім алып жатыр. Жанында үнемі бір адам отырмаса болмайды. Шуды көтере алмайды. Көп сөйлесе шаршап қалады. Мейлінше, мазаламауға тырысамыз» – дейді әйелі.

Сымбат Аянқызының сөзінше, алғашқы отада күйеуінің бас сүйегінің жартысын алып тастаған, енді оның орнына екі айдан кейін пластик қояды.

Ашылған қылмыстық іс бүгінде Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-тармағы (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша жүріп жатыр. Сымбат Аянқызы іс дәл осы бап бойынша тергелетінімен келісеміз деп отыр.

Өтемақы берілу-берілмеу мәселесі еңбек инспекциясы тексерісінің қорытындысына байланысты болатынын айтып, әзірге ешқандай көмек алмағанын жеткізді. Тек мәжіліс депутаты, бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамов хабарласып, хал-жағдайын сұраған.

«Ертеңге жергілікті әкімшілік шақырып отыр. Көреміз не айтарын», – дейді ол.

Ескерте кетейік, жаңа жыл қарсаңында Семейде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қалалық шыршаны безендіру кезінде құлап, жарақат алған. Бұл туралы алғаш Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлап, мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу екенін мәлім еткен.

Сондай-ақ оқыңыз