Лос-Анджелестегі орман өртінен қаза болғандар саны артты. Голливуд жұлдыздарының үйлері өртенді
Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында орман өрті салдарынан қаза тапқандар саны бес адамға жетті. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.
Жағдайды күрделендіріп тұрған – құрғақ ауа райы мен екпінді жел. Лос-Анджелес округінің шерифі Роберт Лунаның айтуынша, өрт әлі де толық бақылауға алынбаған, құрғақ ауа райы мен енпінді жел жағдайды күрделендіріп тұр. Сондықтан қаза тапқандар саны өсуі мүмкін. Өртке байланысты 150 мыңнан астам тұрғын эвакуация аймағында тұр.
Ең ауқымды өрт Санта-Моника мен Малибу арасында орналасқан Пасифик-Палисейдс аймағында орын алды. Оның аумағы 60 шаршы км асады. Өрт салдарынан кем дегенде мың ғимарат өртеніп кетті. Олардың ішінде танымал жұлдыздардың үйлері де бар.
Малибу – көптеген танымал тұлғалардың тұратын аудан. Әнші әрі актриса Перис Хилтон өз инстаграм парақшасында жағажайдағы үйі толығымен жанып кеткенін хабарлады.
«Жүрегім жаралы. Бұл үй біз үшін ерекше естеліктерге толы еді. Отбасымызбен бірге отырып, тікелей эфирде үйіміздің қалай күлге айналғанын көру – өте ауыр жағдай», – деп жазды Перис Хилтон Instagram парақшасында.
Бейсенбіге қараған түні Голливуд төбелерінде тағы бір өрт шыққаны хабарланды. Бұл Лос-Анджелестің ең танымал аймақтарының бірі және әйгілі Голливуд жазуы орналасқан жер.
Өртті сөндіру жұмыстарына жүздеген өрт сөндіруші мен арнайы техника тартылған. Алайда табиғи жағдайлар олардың жұмысына кедергі келтіріп отыр.