АҚШ «ВКонтакте» және «Авито» компанияларын пираттықпен айналысатын ұйымдар тізіміне қосты

Жарияланды (жаңартылды )
«Москва» агенттігі

АҚШ-тың Сауда өкілдігі (USTR) ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісі мен «Авито» маркетплейсін контрафакция және пираттық бойынша жыл сайынғы шолуға енгізді деп хабарлады «Moscowtimes.ru» сайты.

Америкалық ведомствоның есебінде «ВКонтакте» авторлық құқық иелерімен жұмыс істемейтіні және пираттық мазмұнды жоймайтыны, ал «Авито» құқық иелерінен келіп түскен көптеген сұраныстарды елемейтіні және контрафактілік тауарлардың сатылуымен күреспейтіні айтылған.

2024 жылы америкалық ведомствоның тізіміне ресейлік IT-сервистерден Rutracker торрент-трекері, Rapidgator файлалмасу қызметі, LibGen және Sci-Hub ғылыми әдебиеттер кітапханалары да енгізілген. Сонымен қатар USTR контрафакция және пираттық таратушылар арасында ресейлік «Дубровка», «Садовод» базарлары мен «Горбушкин двор» сауда орталығын атап өтті.

Айта кетсек, «ВКонтакте», «Авито» және «Горбушкин двор» өткен жылы да USTR тізімінде болған. 2006 жылдан бері жарияланып келе жатқан бұл тізім, негізінен, өнімдерге немесе контрафактімен күреске қатысты құқықтарды қорғаумен айналысатындарға арналған ұсыныстық сипатқа ие. Ал бұл тізімге енген компаниялар үшін беделдік тәуекелдер тудырады.

Компаниялардың ресми пікірлері

 «Авито» өкілі TMT-ға платформасында авторлық және басқа да айрықша құқықтарды бұзатын тауарларды сатуға тыйым салынғанын мәлімдеді.

«Бізде елдің шығу тегіне қарамастан, кез келген құқық иесімен жұмыс істеудің реттелген үдерісі бар. Құқықтарды бұзу фактілері расталған жағдайда, біз контентті бұғаттаймыз», – деп атап өтті компания.

«Авито» қосымшасы 2023 жылдың қазанында Google Play-ден алынып тасталды. 2023 жылдың желтоқсанында бұл сервиске иелік ететін Kismet Capital Group холдингі АҚШ санкциялар тізіміне енгізілді. Дегенмен AppStore-да «Авито» мен «ВКонтакте» қосымшаларын жүктеуге болады. Сонымен бірге 2022 жылдың ақпанынан бері VK холдингінің бас директоры Владимир Кириенко АҚШ санкцияларының астында қалған.

Сондай-ақ оқыңыз