ЕО мүшелігіне өтуге ниетті Армения Еуразиялық экономикалық одақтан шықпайтынын мәлімдеді
Армения үкіметі Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) шықпайды. Бұл туралы республиканың Экономика министрі Геворк Папоян мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Армения ЕАЭО мүшесі. Сол себепті Арменияның ЕАЭО-дан шығу мәселесі үкімет күн тәртібінде тұрған жоқ», – деп мәлімдеген Папоян.
Десе де, министр Арменияның Еуропалық Одақ мүшелігіне өту мәселесі күн тәртібінінен түспейтінін айтқан. Папоян бұл мәселенің бірінші кезекте ел экономикасын дамыту мақсатында қолға алынып отырғанын, елдің қандай одақта мүше болатыны емес, экономикалық жағдайының жақсарғаны аса маңызды екенін атап өткен.
«Біздің міндет экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Армения ЕО немесе ЕАЭО мүшесі бол ма, аса маңызды емес. Ең бастысы біздің экономикамыз бәсекеге қабілетті болып, өнімділігі артуы керек», – деді министр.
Еске сала кетсек, 9 қаңтарда Армения үкіметі республиканың Еуропалық Одаққа қосылуы туралы заң жобасын мақұлдаған болатын. Бұл жаңалықтан кейін Ресей премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчук Арменияның Еуропалық Одаққа кіру процесін оның ЕАЭО-дан шығуына жол ашуы мүмкін екенін мәлімдеген. Ресейлік шенеунік екі ұйымның мүлде үйлеспейтінін алға тартқан.