Кремль тұтқынға түскен кәрістерді украиналық сарбаздарға ауыстыра ма?

Жарияланды
Тұтқындардың бірі Украинада қалуды қалайтынын, екіншісі отанына оралғысы келетінін ишарамен білдірген./фото: KursivMedia мұрағаты

Кремль солтүстіккореялық тұтқындарды украиналық сарбаздарға алмастыру туралы Украина президенті Владимир Зеленскийдің ұсынысын жауапсыз қалдыруды ұйғарды.

«Біз бұл туралы бірдеңе дей алмаймыз. Бұл жерде ненің шындыққа сай екенін, кімнің не ұсынысып жатқанын білмейміз», – деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий  Песков.  

Оның айтуынша, Ресей мен Украина арасында тұтқындар алмасу үдерісі оңай жүріп жатқан жоқ.

«Біз үшін тұтқындағы әр әскеридің өмірі маңызды. Сондықтан жұмыс жалғасады», – деді Песков.

Мұның алдында Украина президенті Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісі арқылы солтүстіккореялық солдаттардың тұтқынға түскенін, оларды украиналық сарбаздарға алмастыруға әзір екенін айтты. Сонымен қатар кері қайтқысы келмейтін сарбаздарға басқа амалдарды қарастыратынын да ескерткен.

Зеленский жариялаған бейнежазбада екі азиялық солдат көрінеді. Бірі жатып сөйлесе, екіншісі отырып, сұрақтарға жауап берген. Тұтқындардың бірі Украинада қалуды қалайтынын, екіншісі отанына оралғысы келетінін ишарамен білдірген.

Украина, Оңтүстік Корея және Батыс елдері былтыр күзде соғысқа қатысу үшін Ресейге Солтүстік Кореядан бірнеше мың әскер келгенін мәлімдеген. Барлау деректері мен жер серіктік түсірілімдер бұл деректі растаған еді. Киевтің дерегінше, олардың ұзын-саны 12 мың адамға жетуі ықтимал.

Солтүстік Кореяда соғысқа араласқаны үшін Ресейден жылына 200 млн доллар, 700 мың тонна күріш, ғарыш технологиясын алмақ.

Сондай-ақ оқыңыз