Алматы облысында вольфрам өндіретін қытайлық компания қор биржасынан 100 млн доллар тартуға ниетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Jiaxin
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысында вольфрам өндіретін қытайлық Jiaxin компаниясы Гонконг пен Астана (AIX) қор биржасына шықпақ. Компания жалпы қор биржасынан 50-100 млн долларға дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр.

Гонконг қор биржасына 126 млн акциясын орланаластырса, ал AIX-ке 1,5 млн бағалы қағазын шығарады. Бұл туралы компания Қытайдың құнды қағаздар реттеушісіне хабарлама жіберген. Листингтің жалғыз андеррайтері – қытайлық инвестициялық банк CICC.

«Жетісу Вольфрамы» компаниясы Алматы облысында орналасқан Бұғыты вольфрам кен орнын игеріп жатыр. Бұғыты кен орны – ірі вольфрам қоры жинақталған кен орны. Ал компания иелерінің бірі – қытайлық Jiaxing International Resources Investment LTD.

2024 жылдың сәуірінде «Жетісу Вольфрамы» кен байыту фабрикасы құрылысын қолға алғаны хабарланды. Кәсіпорын 2024 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс болған. Фабрика құрылысы аяқталған соң, Бұғыты кен орнында жылына 3,3 млн тонна вольфрам кені өндіріліп өңделмек.

eGov.kz мәліметінше, «Жетісу Вольфрам» компаниясының құрылтайшылары – «Арал-Кеген» және Ever Trillion International Singapore. Өз кезегінде, «Арал-Кеген» компаниясының иелері – Jiaxing International Resources Investment және Лю Личиан.

Сондай-ақ оқыңыз