Жанармай бағасы тағы да қымбаттай ма? Энергетика министрлігі себептерін атады

Жарияланды
бензин мен дизель
АИ-92 жанармайының баға айырмашылығы  40%-дан 138% -ға дейін жетіп отыр./Фото: shutterstock

Үкімет жанармай бағасы қымбаттайтынын тұспалдағанымен, күрт өсімге жол бермейміз деп сендіріп отыр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, ең арзан жанармай мен дизель отыны Қазақстанда. Көрші елдермен баға айырмасы елеулі. Бұл жағдай үкіметті шара қолдануға мәжбүрлеп отырған сыңайлы.

«Қазақстанда АИ-92 жанармайының бағасы литріне – 205 теңге, Ресей Федерациясында –288 теңге, Қырғызстанда  –  385 теңге, Өзбекстанда 489 теңге болып отыр. Қазақстанда дизель отыны литріне – 295 теңге, Ресей Федерациясында – 355 теңге, Қырғызстанда – 427 теңге, Өзбекстанда 528 теңге тұрады», – дейді министрлік.

Энергетика министрлігінің айтуынша, АИ-92 жанармайының баға айырмашылығы  – 40%-дан 138% -ға дейін, дизель отынына келсек, 20%- дан 79%-ға дейін жетіп отыр.

«Бұл жайт саланы жаңғыртуға мұрша бермейді. Тапшылық тудырып, отынды әртүрлі заңсыз схемалар арқылы шетелге әкетуге жол ашады. Осыған орай, Энергетика министрлігі баға белгілеудің тұрақты моделі саясатына көшуде», – деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.  

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бұл саясат сұраныс пен ұсыныс арасындағы нарықтық теңгерімді реттейді. Отын тапшылығын жойып, мұнай өңдеу саласын жаңғыртуға септігін тигізеді. Жаңа жұмыс орындарын құруға және ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуға бағытталады.

«Бұл саясаттың негізгі қағидалары – кез келген өзгерістердің бір сыдырғылығы мен болжамдылығы. Азаматтардың мүдделерін қорғау үшін әлеуметтік қолдау шараларын көрсету жалғасады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері ашық схемалар мен қолайлы бағалар бойынша дизель отынына кепілді қол жеткізе алады», – делінген хабарламада.

Энергетика министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп нарықтағы бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Жанармайдың ішкі нарыққа үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ оқыңыз