Сауда министрлігімен кездескеннен кейін, Small мен Magnum-да картоп арзандаған
Сауда министрлігі жыл басынан бері картоп бағасын негізсіз өсіру фактісі бойынша 49 құқық бұзушылықты анықтаған. Министрлік өкілдерімен кездесуден кейін, Small және Magnum сияқты сауда желілері картоп бағасын төмендетуге келіскен. Қазір Астана қаласының супермаркеттерінде баға 280 және 185 теңге.
«Сауда министрлігінің ірі сауда желілерімен, атап айтқанда, Small және Magnum желілерімен өткізілген кездесулердің нәтижесінде, бүгінгі күні Астанадағы Small желісінде картоптың орташа бағасы 280 теңгеге, ал Magnum желісінде 185 теңгеге дейін төмендеді. Сауда комитетінің мониторингі бойынша, бүгінгі күні Қазақстан бойынша картоптың орташа бағасы 322 теңге», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, елдегі әлеуметтік дүкендерде картоп жеткілікті және оның құны нарықтағы бағадан төмен.
Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылдың желтоқсанынан 19 қаңтарға дейін 23,6 мың тонна картоп сатылған. Соңғы үш күнде шамамен 3 мың тонна сатылған, Шымкентте 600 тонна, Алматыда – 300 тонна, Түркістан облысында – 300 тонна сатылды. Ел бойынша 62 мың тонна көлемінде қор сақталған.
2025 жылдың басында Үкімет елдегі картоп бағасын тұрақтандыру үшін шектеу енгізді. Шектеу шаралары 6 айға созылады.