Израиль мен Ливан атысты тоқтау туралы келісімді тағы 3 аптаға созды
Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісімі 18 ақпанға дейін ұзартылды. Осы келісім аясында Ливан, Израиль және АҚШ үкіметі бірігіп, 2023 жылдың 7 қазанынан кейін тұтқынға алынған ливандық тұтқындарды қайтару туралы келіссөз жүргізеді.
Екі тарап 2024 жылдың 27 қарашасында атысты тоқтату туралы келісімге келген. 60 күнге созылған келісім аясында Израиль үкіметі өз әскерилерін Ливанның оңтүстігінен шығаруы қажет болған. Ең соңғы мерзім 2025 жылдың 27 қаңтары деп бекітілген. Алайда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливан тарапының келісімнің шарттарын сақтамағанын алға тартып, өз әскерін осы міндеттемелер орындалған соң ғана шығаратынын мәлімдеген.
Бұл келісім аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштерінің қолдау көрсетуімен Ливан армиясы елдің оңтүстік шекарасына орналастырылуы керек. Ал «Хезболланың» қарулы күштері өз әскерін Литани өзенінің арғы жағына шығаруы тиіс.
Атысты тоқтату туралы келісімнің шарттары қандай?
Айта кетейік, атысты тоқтату туралы келісім 2025 жылдың 27 қарашасында жергілікті уақыт бойынша сағат 4-те күшіне енген. Нетаньяху келісімнің күшіне енгенін айта келе, «Хезболла» қарулы тобына ескерту жасады. Ол «Хезболла» ұйымы шекараға жақын аймақта инфрақұрылымдарға орналасып, қарулана бастаса, атысты қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді.
Ал 29 қарашада бұл келісім бұзылып, Израиль «Хезболланың» қару қоймасына шабуыл жасаған. «Хезболла» өкілі Хасан Фадлаллах Израильді келісімді бұзды деп айыптады. Израиль тарапы қауіп төндіретін және атысты тоқтату туралы келісімнің шарттарын бұзатын бірқатар күдікті әрекеттерге тосқауыл болғанын мәлімдеді.