Қаржы нарығын реттеу агенттігі кредитті растау уақытын ұзаруы мүмкін

Жарияланды
Кредитті растау мерзімі ұзаруы мүмкін / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді кредитке өтініш бергенде оны растау уақыты ұзаруы мүмкін. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай ұсынысты талқылап жатыр. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро директоры Руслан Омаров айтты.

«Мәселен, сізге несие береді. Бірақ ол несиенің ақшасын белгілі бір уақыттан кейін ғана аласыз. Бұл алаяқтықты азайту үшін де қажет. Алаяқтар несие алып, тез арада оған қол жеткізіп, өзіне аудара салады. Екіншіден – лудомандардың қаржыландыруға қолжеткізуін шектеу. Себебі оларға да тез, шұғыл ақша керек болады. Жалпы адамдар кредитті дәл қазір керек деп алуы керек емес, ойланып, салыстырмалы түрде шешім шығаруы үшін керек», – деп түсіндіреді мұны Омаров.

Маманның сөзінше, қазір нарық реттеушісі бұл механизмді қарастырып жатыр, әзірге қашан қабылданатыны белгісіз.

«Барлық қаржы ұйымдарына бұл ұнай қоймайтын шығар. Бірақ реттеушінің аты реттеуші, ол нарықты бақылап отыруы керек», – дейді Руслан Омаров.

Бұған дейін Бас прокуратура онлайн несие алуға өтініштерді қарау мерзімі ұзартуға ұсыныс берген еді. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл шара қаржылай алаяқтықтың алдын алуға ықпал етуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз