Ұлттық банк енді Үкіметке бағына ма: инфляцияны қалай тежейді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Инфляциямен күрес – Ұлттық банк мен Үкіметтің бірлескен жұмысы. Инфляцияны төмендетуге байланысты қабылданған кешенді жоспар енді президенттің тапсырмаларын ескере отырып пысықталатын болады. Алайда бұл «Ұлттық банк Үкіметке бағынады» дегенді білдірмейді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов осылай деп тұжырымдайды.

«Біз Үкіметке кеңес беріп, инфляцияны төмендету мәселесінде көмектесеміз – бұл бірлескен жұмыс», – деді спикер.

Оның айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банк «тоғысу нүктелерін» тауып, осылайша бірлескен жұмыстың нәтижесі инфляцияның төмендеуімен көрінуі тиіс.

Президент сыны

28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк жұмысын сынға алған болатын. Өйткені елдегі инфляция Үкіметтің 6 пайыздық межесіне жетпей келеді. Оған қоса теңге бағамы шарықтап кетті. Осы ретте Тоқаев инфляцияны тежеу – Үкіметпен тығыз жүргізілетін жұмыс екеніне назар аударды.

«Тәуелсіз әрі дербеспіз деген бұрынғы көзқарас қазір жоқ, өйткені жағдай өзгеше», – деді Тоқаев.

Бас банк инфляцияны қалай тежейді?

Журналистер Берік Шолпанқұловтан «енді қосымша құн салығы көтерілсе, бас банк инфляцияны қалай тежейтінін» сұрады.

«Біріншіден, қосымша құн салығын қаншаға көтеретіні белгілі болсын. 16 пайызға дейін жеткізе ме, әлде 20-ға дейін көтере ме? Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Салық көтерілсе, бизнеске бірқатар жеңілдік берілмек. Қандай механизмдер қолданылатынына байланысты экономикалық есеп жүргіземіз», – деді Шолпанқұлов.

Инфляция неге қарқын алуы мүмкін?

Өйткені Үкімет салық жүйесінде реформа жасап, қосыша құн салығын 16-20%-ға дейін өсірмек. Егер қосымша құн салығы көтерілсе, тауар мен қызмет құны қымбаттап, елдегі инфляцияның қарқын алуына ықпал етеді.

Ұлттық экономика министрді Серік Жұманғарин инфляция 4-5% өсуі мүмкін екенін айтқан. 2024 жылдың қорытындысында инфляция 8,6% деңгейінде қалыптасты.

Сондай-ақ оқыңыз