Банктер мен құрылыс компаниялары қосылған құн салығынан босатыла ма
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/2-24.jpg-1024x576.webp)
Әзірленіп жатқан салық кодексіне сай, екінші деңгейлі банктер мен құрылыс компанияларына қосылған құн салығын салу көзделіп отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.
«Жаңа салық кодексінің жобасы қазір парламентте жатыр. Біздің беріп жатқан ұсыныстарымыз қосымша болады. Жаңа салық кодексінде қосылған құн салығы да, жаңа салықтар да көзделген. Бұл бүкіл қаржылық ұйымдарды қамтиды», – дейді ол.
Сондай-ақ жаңа норма құрылыс компанияларына да қатысты екенін атап өтті. Алайда кей депутаттар құрылыс компанияларын қосылған құн салығынан босатуды ұсынып отырған көрінеді.
Бүгін, 12 ақпанда, Алматыда Үкімет өкілдері ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі бойынша кәсіпкерлермен кездесті.
Жиын барысында көптеген сала мамандары Үкімет бастамасына сын көзбен қарайтынын жеткізді. Кәсіпкерлерді, әсіресе, ҚҚС шегінің 15 млн теңгеге дейін төмендетілетіні алаңдатады. Жеңіл өнеркәсіп пен туризм саласының мамандары шектің төмендігі саланың дамуын тежеп, кәсіпкерлердің көлеңкелі нарыққа кетуіне алып келуі ықтимал екенін айтып отыр.