Голан жотасына жіберілген қазақстандық әскерилерге БҰҰ әлі өтемақы төлемеген
![Голан жотасына](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/oon-soldaty-1024x576.png)
Голан жотасына бітімгерлік мақсатта жіберілген әскерилер әлі күнге дейін өтемақы алмаған. Бұл туралы Мәжілісте депутат Қазбек Әлішев айтты.
«Елдің бітімгершілік контингенті 2024 жылдың наурыз айынан бастап, Голан жотасына жіберілді. Білуімше, БҰҰ қару-жарақ, шығыс материалдары үшін және біздің әскерилердің өзіне осы күнге дейін өтемақы төлемеген. Неге өтемақы алу мәселесі меморандумда бірден қаралмаған? Бұл мәселе не себепті Парламентке кеш енгізіліп отыр?», – деп сұрады депутат.
Өтемақы төлеу неге кешіктіріліп жатыр?
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бұл Қазақстан әскерилерінің дербес миссиясы болғаны себепті келісімшартты әзірлеу жұмыстары ұзаққа созылып кеткенін айтты. Әйтпесе, контингентті бітімгерлік миссиясына жіберу жөніндегі құжаттардың дайындау жұмыстары бір мезгілде басталған.
«Меморандум мен өтемақы төлеу келісімшартына қатысты жұмысты біз бір уақытта, 2024 жылдың басында бастадық. Меморандум типтік болғандықтан, ол тез арада қабылданды. Ал келісімшарт біздің дербес миссиямыз. Сол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін ерекше келісім болғандықтан, келісімшарт тек қыркүйек айында дайын болды. Оған 2024 жылдың соңында ғана қол қойылды. 2025 жылдың басында мемлекеттік органдармен бірлесіп құжатты әзірлеп, сіздерге ратификациялау үшін ұсынып отырмыз», – деді министрлік өкілі.
Жазықбаев меморандум қабылданған соң, БҰҰ жылдық өтемақы сомасын бірден министрлік бюджетіне аударады. Келесі ротацияда бұл қаражат тікелей әскерилердің өз есепшотына түсіп отырады. Ал техника мен мүлікке арналған өтемақы тоқсан сайын мемлекет бюджетіне түседі.
Әскерилер Голан жотасына қашан жіберілді?
2024 жылдың наурыз айында Парламент Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін қазастандық әскерилердің Голан жотасына жіберу туралы меморандумды мақұлдаған болатын. Ал 16 наурызда Қорғаныс министрлігі әскерилердің шиеленісті аймаққа жеткізілгенін хабарлады.
Айта кетейік, Сирияда Башар Асадтың режимі құлаған соң, бұл аймақта жағдай шиеленісе түсті.
Ал ақпанның 8-і күні Голан үстіртіндегі атысты тоқтату режимін қамтамасыз етуде өз міндеттерін мүлтіксіз орындап жүрген әскерилерді БҰҰ арнайы медальмен марапаттады. Халықаралық медаль 139 әскери қызметші мен төрт штаб офицеріне берілген.