2025 жылы Қазақстанда резервтегі әскери қызмет енгізілмек

Жарияланды
Еріктілер тұрғылықты жерінде резервтегі әскер қызмет атқарады/фото: KursivMedia мұрағаты

Резервтегі әскери қызмет жөніндегі заң жобасы Парламент Мәжілісінің екінші оқылымында қабылданған. Жақын арада Сенатта қаралады.

Әскери мамандықтарға дайындайды

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл ел әскерінің әскери дайындығын күшейтеді.

«Резервтегі қызмет – армияны жасақтаудың қосымша тәсілі. Бұл резерв күштерін қажетті әскери есептік мамандықтарға дайындайды. Резервтегілердің әскери бөлімдерге келуін қысқартады», – дейді Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметі.

Басты қағидат – еріктілік

Министрліктің хабарлауынша, бұл жаңашылдық құрылымдар мен әскери бөлімдерінің жауынгерлік дайындығына жағымды әсер етеді. Мұндай тәжірибе ТМД және өзге де елдердің тәжірибесінде қолданылып жатыр.

«Басты қағидат – еріктілік. Резервистердің жасы – офицерлер үшін 18 бен 60 жасқа дейін. Келісімшарт бойынша 50 жасқа дейін қызмет ете алады. Үміткерлердің денсаулығы бойынша талап қойылады», – дейді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

2 мың адам шақырылмақ

Жобада көрсетілгендей, келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Еріктілер тұрғылықты жерінде қызмет атқарады. Олар әскери бөлімде дайындықтан өтпек. Резервистерге жалақы, МӘМС жарналары және басқа да мемлекеттік бюджеттен төлемдер төленеді. Бастапқы кезеңде 2 мың қазақстандықты шақыру жоспарланып отыр. Содан кейін армияның қажеттілігіне қарай шешім қабылданады.

Мәжіліс депутаты  Айдос Сарым бұл заң жобасы Қарулы күштерге жұмсалатын ақшаны үнемдеу мақсатында қабылданып жатқанын алға тартып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз