![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/31180845-bez-imeni-44_cover_1600x900-1024x576.webp)
Амстердам, Польша, Чикао және Лондонда қазақтың асын ұсынатын мейрамханалар жайлы баяндаймыз
Елден жырақ жүрген жандардың бәрі үйдің тамағын, ұлттық асхананың дәмін аңсайды. Әсіресе, өте тойымды тағам бен аса құнарлы ұлттық сусынды сағынған қазақстандықтар шетелде жүріп қиналып қалатыны бар. Себебі кәдімгі жылқы етін, асылған ет пен мәнтіні кез келген мейрамханадан таба алмайсың. Болмаса, кез келген кофеханаға кіріп, тары қосылған шай ішіп, бауырсақ сұрап жей алмайсың. Сондықтан шетелдердегі міндетті түрде барып көруге тұрарлық қазақтың ас мәзірі ұсынылған мейрамханалар тізімін әзірледік.
Jurta
Мекенжайы: ul.Piramowicza 10, Łódź, Poland 90-254
Jurta деп аталатын отбасылық мейрамхана Польшадағы Лодьз қаласында орналасқан. Оны 2018 жылы алматылық Андрей Водопьянов ашқан. Андрей шетелде жүріп, үйдің асын қатты сағынған. Мейрамхананы ашуға шамамен екі жыл уақыт кеткен екен. Интерьері мен мейрамханаға көрік беріп тұрған көп элемент қолдан жасалған. Мысалы, ұлттық стильдегі жастықтарды тігуге арналған материалдың бәрі Қазақстаннан әкелінген.
Мейрамхана қожайындары жобаның жанға жайлы болғанын қалап, бәрін қолдан істеуге тырысқан. Ас үйдегі қожайын – Андрейдің әкесі. 80-ші жылдары ол қазақ офицерлеріне арнап ас әзірлеген. Jurta-ға барып, сіз де дәмді сорпа ішіп, жылқы етін жеп, мәнтіден ауыз тиіп, бауырсақ пен шығыс тәттілерін, өзге де тағамнан дәм татып қайта аласыз.
Qazaq Coffee
Мекенжайы: Zeilstraat 45-H, 1075SC, Amsterdam
2022 жылы Талғат Әубәкіров Алматыдан Амстердамға көшеді. Сөйтіп 2023 жылы маусым айында Амстердамдан Qazaq Coffee арнаулы кофеханасын ашады. Амстердам үшін бұл кофехананың концепциясы жаңа, себебі бұл жерде қазақтың ас үйі, қазақы рух пен қонақжайлық үйлесім тапқан.
Qazaq Coffee-де дәстүрлі қазақша шай, кардамон қосылған тәтті шай, қалампыр, зімбір, даршын қосылған шай бар. Сонымен қатар дәмі ерекше тәттілер де табылады. Бұған қоса дәл осы жерден QC House Blend деп аталатын дәмі ерекше кофе түйіршіктерін де сатып алуға болады. Оны Талғат достарының көмегімен әзірлеп шығарған.
NOWRUZ
Мекенжайы: 41 York Street, Twickenham TW1 3LP
NOWRUZ – қазақ тағамдары ұсынылған мейрамхана. Бұл кәсіпті әйел адамдар жүргізіп отыр. Мейрамхана 2024 жылы маусым айында ашылған. Жоба авторлары Орталық Азияның аутентикалық шайханалары мен Наурыз мейрамынан шабыт алған.
Мейрамхананың негізін салушы бала күнінде Ауғанстанға, Өзбекстанға, Тәжікстан мен Қазақстанға жиі барған. Дәл осы туристік-гастрономиялық тәжірибе оған осындай ой салған. Қазір мейрамхана мәзірінде қазақ, өзбек, тәжік және ауған ұлтының тағамдары ұсынылған. Мұнда мәнті де, өзбектің палауы да, лағман, кебаб, самса мен өзге түрлі дәмді тағам бар. Сонымен қатар NOWRUZ мейрамханасында арнайы аспаз әзірлеген тәттілер ұсынылған. Оның мәзірі күн сайын өзгеріп отырады.
Tary
Tary – ұлттық колоритте жасалған кофеханалар желісі. Бұл кофехана тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Чикагода, Мәскеуде және Ташкент қаласында да бар. Көне рецептілерге жан бітіріп, жаңа рецептілер құрастырып, тары қосылған балмұздақ сияқты жаңа тәттіні мәзірге қосқан бұл ұжым қонақтарын Қазақстанның мәдени мұрасымен таныстыруды мақсат етеді.
Tary кофеханасының мәзірін ғалым-этнограф Әйгерім Мұсағажинова көне ұлттық рецептілерге сүйене отырып әзірлеген. Бұл жерге келген қонақ таңғы асқа өте тойымды майсөк деп аталатын тағамды жесе болды. Тіскебасар ретінде «Ми палау» – сиыр еті мен кілегей қосылған жая, бірінші тағамға жылқы етінен жасалған «ақ сорпа» ішіп, екінші тағам ретінде картоп қосылған «балғын қуырдақтың» дәмін татып көруге балады.
Ал десертке тәтті тоқаш пен ірімшіктен жасалған кәмпит ұсынылады. Сусындардың мәзірінде жидектер мен дәмдеуіштер қосылған авторлық шайлар, сонымен қатар саумал мен тары қосылған капучино бар.