Мұнай экспорттаушы ел: былтыр Қазақстан Азия емес, Еуропамен көбірек сауда жасады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің аға тілшісі
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Торговля Казахстан
2024 жылы Қазақстанның сыртқа тауар сату көрсеткіші артты / shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Былтыр Қазақстанның әлем елдерімен саудасы 1,3%-ға көтеріліп, 141,4 млрд долларға жетті. 2024 жылы республика Азияға қарағанда, Еуропамен көбірек сауда жасады – 51,6 млрд доллар және 45,9 млрд доллар. Мұндай жағдай кейінгі бес жылда алғаш рет тіркеліп отыр.

Қазақстанның 2024 жылы сыртқы сауда айналымы қалай болғанын Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Ресей үлесі жоғары

Бір жылдың ішінде Еуропамен сауда 17,1%-ға артқан, ал Азиямен, керісінше, 12%-ға қысқарған. Былтыр сыртқы сауда айналымының 36,5%-ы батыстағы құрлықпен, ал 32,4%-ы шығыспен жасалған. Еуропаға экспорттау үлесі 7,5%-ға, импорттау 0,8%-ға көтерілген. Бұл уақытта Қазақстан Азияға азырақ тауар сатқан – экспорт үлесі 6,8%-ға төмендеген.

Америка елдерімен арадағы сауда 1,1%-ға артып, 5,7 млрд долларға жеткен. Бұл құрлықтың жалпы сауда айналымындағы үлесі – 4%. Африка мемлекеттерімен сауда 12 айда 15%-ға артып, 783 млн долларға жетті. Африканың сауда айналымындағы үлесі – 0,6%. Аустралия және Океания елдерімен сауда айналымы 37,3 пайызға төмендеп, 66,9 млн доллар ғана болды.

ТМД елдерімен арада 37,3 млрд долларға сауда жасалды (өсімі 1,2 пайыз). Бұл – Қазақстан тауар айналымының төрттен бірі. Оның ішінде ЕАЭО елдерімен сауда қызып тұр – 30,4 млрд доллар. Көрсеткіш бір жылда 2,2%-ға артты. ЕАЭО елдерінен келетін импорт 7%-ға өсіп, 19,5 млрд долларға дейін жетті, экспорт 5,1%-ға қысқарып, 10,9 млрд доллар болды. Ұйымдағы Ресейдің үлесі – 91,3%.

Экспорт

Экспорт бір жылдың ішінде 3,1 пайызға артып, 81,6 млрд долларға жетті. Қазақстан басқа елдерге негізінен мұнай мен мұнай өнімдерін сатып отыр. Оның экспорттағы үлесі – 52,5%. Химиялық радиоактивті элементтер үлесі – 5,6%, мыс пен мыс қорытпасы – 5,1%, мыс кені – 3,9% және ферроқорытпа – 3%.

Қазақстанның экспорттағы негізгі әріптестері – Италия (22,9%), Қытай (18,3%) және Ресей (11,7%). Бір жылдың ішінде Италия үлесі 3%-ға артып, ал Қытай (0,4) мен Ресей (0,7) үлестері азайған.

Импорт

2024 жылы импорт 1 пайызға төмендеп, 59,8 млрд доллар болып қалды. Қазақстан негізінен жеңіл автокөлік, автобөлшек, ұшу аппараттары, телефон және дәрі-дәрмек сатып алады. Осы тауарлардың импорттағы үлесі өте жоғары.

Ресей былтыр Қазақстанның импорт бойынша басты әріптесіне айналды, 2023 жылы Қытай болған. РФ-ның 2024 жылдағы ұлесі 30,5%-ға жетіп, бір жылда 4%-ға артты.

Қазақстан импорты бойынша Қытайдың үлесі 25,3 пайыз болып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,1 пайызға азайған.

Бұдақ бөлек, Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея және Түркия республикаға белсенді түрде тауар жеткізіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз