Ақтау портында теңіз түбін тереңдетуге бюджеттен 42 млрд теңге жұмсалмақ

Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдетуге республикалық бюджеттен 42,1 млрд теңге бөлінбек. Оның 20,6 млрд теңгесі биыл жұмсалады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында жазылған.
«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірледі және 2024 жылғы желтоқсанда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Аталған қорытындыға сәйкес жұмыстардың жалпы құны 42,1 млрд теңгені құрайды, оның 1-кезегіне (2025 ж.) – 20,6 млрд теңге», – делінген жауапта.
Жауапта бұл мәселе Үкіметтің бақылауында екені жазылған.
Депутаттар сауалы
Сенат депутатары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орныбасаров Ақтау портының түбін кеңейту мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған.
«Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету» жобасы ҚР Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына енген. Алайда депутаттар бұл жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлінбегеніне назар аударған.
«Бұл өз кезегінде жобаның уақытында іске аспай қалуына және де тұтастай алғанда Транскаспий Халықаралық көлік маршрутының тұрақты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізу тәуекелін тудырып отыр», – деген депутаттар.
Каспий теңізі тартылып барады
Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық беріп отыр. Депуттардың айтуынша, осы «Орталық дәліз» Ресей, Беларусь елдері арқылы өтетін «Солтүстік дәлізге» балама ретінде дүниежүзілік маңызға ие болып отыр.
Бірақ Касий теңізі жылдан-жылға тартылып бара жатуы аталған дәліздің толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отыр.
2023 жылдың маусымынан 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі 1,5 жылда теңіз деңгейі 50 метрге төмендеп кеткен. Ал Ақтау порты акваториясындағы су деңгейі 10 см төмендеуі құрғақ жүк кемелерінің орта есеппен 130-150 тонна, ал танкерлердің 200 тоннаға жүкті кем тиеуіне әкеп соғады,
«Бұл өз кезегінде жүк тасымалдау табыстылығының (рентабельность) төмендеуіне әсерін тигізеді»,– дейді депутаттар.
Сондықтан қазіргі кезде теңіз түбін тереңдету өзекті болып отыр.