Оңтүстік Кореяда DeepSeek чат-ботын жүктеуге тыйым салынды

Жарияланды 18 Ақпан 2025 09:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Оңтүстік Кореяда DeepSeek чат-ботына тыйым салынды / фото: shutterstock

Оңтүстік Корея Қытайдың DeepSeek жасанды интеллект (ЖИ) моделін қауіпті деп танып, ел аумағында жүктеуге шектеу қойды. Бұл туралы Кореяның дербес деректерді қорғау жөніндегі комиссиясы ресми түрде мәлімдеді.

Комиссияның хабарлауынша, DeepSeek чат-боты Оңтүстік Кореяның жеке деректерді қорғау заңнамасына сай өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана қайта қолжетімді болады.

DeepSeek танымал бола бастаған алғашқы аптаның ішінде-ақ Оңтүстік Кореяда 1 миллион рет жүктеліп, мобильді қосымшалар дүкендерінде сатылым бойынша бірінші орынға шыққан еді.

DeepSeek-ке тыйым салудың себептері

Кореяның дербес деректерді қорғау комиссиясы 15 ақпаннан бастап App Store және Google Play платформаларында DeepSeek-ті жүктеуге тыйым салынғанын растады.

Бұған дейін кейбір мемлекеттік органдар өз қызметкерлеріне бұл чат-ботты жұмыс гаджеттеріне орнатуға тыйым салған еді. Ал елдің президенті міндетін атқарушы Чхве Сан Мок DeepSeek-ті «елдің ЖИ саласына ғана емес, басқа да секторларға әсер етуі» мүмкін екенін айтты.

Қосымшаны жүктеу мүмкін болмаса да, бұрын жүктеп алған адамдар қолдана береді.

DeepSeek-ке қандай елдер тыйым салды?

Оңтүстік Кореядан бөлек, Тайвань мен Аустралия да мемлекеттік қызметкерлерге DeеpSeek-ті қызметтік құрылғыларда пайдалануға тыйым салды.

Аустралия үкіметі қосымшаны тек Қытайда жасалғаны үшін емес, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндіктен шектеуге мәжбүр болғанын айтты.

Италияның деректерді қорғау жөніндегі агенттігі де қауіпсіздік мәселелеріне байланысты DeеpSeek-ті уақытша тоқтатып, жеке мәліметтерді қорғау талаптарына сай болу үшін өзгерістер енгізуді талап етті.

Франция мен Ирландияның дербес деректерді қорғау органдары DeеpSeek-тің қолданушылар туралы ақпаратты қалай өңдейтінін сұрастырып жатыр. Әсіресе, мәліметтер Қытай серверлерінде сақтала ма деген сұрақ ерекше назарда.

АҚШ-та да бұл чат-ботқа қатысты заң жобасы ұсынылды. Егер қабылданатын болса, DеepSeek-ті федералдық деңгейде мемлекеттік құрылғыларда пайдалануға тыйым салынады. Қазірдің өзінде Техас, Вирджиния және Нью-Йорк штаттарында бұл шектеу күшіне енді.

Сондай-ақ оқыңыз