Курорттық аймақтарда әуежай салуға 118 млрд теңге жұмсалады

Жарияланды
Курорттық аймақтарда
Курорттық аймақтарда әуежай салуға 118 млрд теңге жұмсалады / Фото: kursiv.media

Курорттық аймақтарда әуежай салуға 118 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Үкімет сағатында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты.

Вице-министрдің айтуынша, Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында өңірлік шағын авиацияға арналған жаңа әуежай жобалары жүзеге асырылады. Оған шамамен 117,7 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр.

«Қазіргі уақытта құрылыс маусымына қажетті дайындық шаралары жүргізілуде. Үш әуежайдағы ұшу-қону жолағының параметрлері – 2 200 х 35 метр. Жобалардың жалпы құны – 117,7 млрд теңге», – деді Ластаев.

Министрлік өкілі бұл әуежайларда ATR-72, Q-400 Bombardier сияқты сыйымдылығы 74 орыннан тұратын шағын өңірлік ұшақтар пайдаланылатынын айтты. Үш аймаққа үш ұшақ сатып алынады. Оларды Өнеркәсіпті дамыту қорының механизмдері арқылы сатып алу жоспарланып отыр.

«Басты міндет – Алматы, Астана және басқа да ірі қалалардан осы әуежайларға тікелей, халыққа тиімді әуе қатынасын ұйымдастыру», – деді вице-министр.

Айта кетсек, 2025 жылы Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынатыны хабарланған болатын. Көлік министрі Марат Қарабаев бұл әуежайлардың 2026 жылы пайдалануға берілетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз