«Қазмырыштың» швейцариялық қожайыны 1,6 млрд доллар шығынға батты

«Қазмырыштың» 70% үлесіне ие швейцариялық Glencore Plc 2024 жылы 1,63 млрд доллар шығынға батты. 2023 жылы ғана шикізат сатумен айналысатын компания 4,28 млрд доллар табыс тапқан.
Сәрсенбі, 19 ақпанда, Clencore Plc 2024 жылдың қорытындысына арналған есебін жариялады.
Көмір арзан
Сарапшылар үшін шикізат өндірумен айналысатын компанияның жылды дәл осындай теріс көрсеткішпен аяқтайтынын күтпеген. Мәселен, Visible Alpha мамандары компанияның таза пайдасы 2 млрд доллар болады деп болжаған.
Glencore Plc-тің сауда айналымы 6%-ға ұлғайып, 230,9 млрд доллар болған. Ал қайта есептелген EBITDA көрсеткіші 16%-ға қысқарып, 14,36 млрд доллар деп белгіленген.
Компания көрсеткіштердің төмендеп кетуін көмірдің арзандауымен түсіндірді.
2024 жылы Glencore акционерлерге 1,9 млрд доллар төледі. Биыл компания оны 2,2 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Оның шамамен 1,2 млрд долларды дивидендке, ал 1 млрд доллары акция сатып алуға кетеді. Компания buyback науқанын 6 тамызға, алты айдың есебін жариялағанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Компанияның 2024 жылдың аяғындағы қарызы 11,17 млрд долларға дейін өсті. 2023 жылы мұндай көрсеткіш 4,92 млрд доллар болған.
Акциялары құлдырады
Жылдық есеп жарияланғаннан кейін, Glencore акциялары сәрсенбідегі сауда кезінде 3% төмендеді. Бір жылда компанияның нарықтағы капиталы 11,2% азайған.
Glencore Plc «Қазмырыштың» 70% үлесіне ие. Қалған 29,8% акция ұлттық «Тау-Кен Самұрыққа» тиесілі.
«Қазмырыштың» бес зауыты бар. Оның бас кеңсесі Өскеменде орналасқан. Компания –Қазақстанда түсті металл өндірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірі. Ол мырыш, қорғасын, мыс, алтын және күміс құймаларын шығарады.
Жақында ғана Kursiv.Media Glencore Plc компаниясы «Қазмырышты» сату жөнінде бейресми келіссөз жүргізіп жатқанын жазған. Швейцариялық компания «Қазмырышты» ғана емес, Васильковское алтын кен орнында да саудаға шығаруды көздеп отыр.
Glencore — әлемдегі ең ірі шикізат трейдерлерінің бірі. Швейцариялық компания мыс өндірісінде алғашқы алтылыққа кіреді, көмір өндірісінен Батыста бірінші орында тұр.