Қатонқарағай халқы жұмыс уақытын бір сағат ерте бастауға көшкеніне дән риза

ШҚО Катонқарағай ауданының мемлекеттік және әлеуметтік мекемелерінің қызметкерлері жаңа жұмыс кестесін ыңғайлы деп санайды деп хабарлады altainews.kz.
Мән-жайы
2025 жылғы 5 қаңтардан бастап ауданда жұмыс уақыты сағат 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталатын пилоттық жоба қолға алынған. 12:00-13:30 аралығында түскі үзіліс. Жаңа жұмыс тәртібіне ауданның 40 мекемесі көшкен. Арада бір жарым ай өткенде, тұрғындар жаңашылдықты оң бағалап отыр.
Талқы
Желтоқсан айында ауданға екі күндік жұмыс сапарымен өңірлік басқарма басшыларының тобы келген. Олар аудандағы елдімекен тұрғындарымен кездесіп, жұмыс күнінің басталу уақытын ауыстыру ұсынысын талқылаған..
Кездесулер Өрел, Аршаты, Берел, Жамбыл, Қайыңды, Қызыл Жұлдыз, Аққайнар, Еңбек, Шыңғыстай, Жаңаүлгі, Қабырға, Белқарағай, Өрнек, Топқайың, Барлық, Коробиха және Ақсу ауылдарында өткен. Осының нәтижесінде көпшілік бастаманы қолдаған.
– Жұмыс күнінің басталу уақытын 08:00-ге ауыстыру – ауа райы жағдайларын, жергілікті халықтың өмір сүру ырғағын және аймақтың экономикалық белсенділігін ескеретін дұрыс шешім. Мұндай тәртіп еңбек өнімділігін арттырып, ауданның дамуына оң әсерін тигізеді, – деп атап өтті Катонқарағай ауданының ішкі саясат бөлімі.
Аудан тұрғындары мұндай қадамға Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне өткеннен кейін, туған келеңсіздіктерге бола барған. Көпшілік уақыттың өзгергеніне наразылық білдіргенімен, Үкімет шешімін өзгертпей келеді.
Жыл басында президент уақыт белдеуін ауыстыруға байланысьты зерттеу 1 наурызға дейін аяқталатынын мәлім еткен.