Бахмутова: Банктер экономикаға кредит бермей жатыр деген сөз жалған

Жарияланды
Банктер ең бірінші акционерлер мен салымшылар үшін жұмыс істейді / Фото: ашық дерек

Банктер бизнеске кредит бермейді деп айқайлай берудің қажеті жоқ. Олар,ең бірінші, акционерлер мен салымшылар үшін жұмыс істейді. Алматыда өткен CFO Summit жиынында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова осындай ойын айтты.

Сарапшы өз сөзінде Ұлттық банк статистикасынан мәлімет келтірді.

«2024 жылы экономикаға бөлінген кредит 20,8%-ға өскен. Оның 2023 жылы 21,7% болған, шамамен бір деңгейде. Енді нақты бизнеске қанша бөлінгенін қарайық. Олар 17,9%-ға артқан, оның ішінде банктер үлесі 16,3%-ға көбейді. Сондықтан құрметті әріптестер, банктер экономикаға кредит бермей жатыр, бізде бәрі нашар деген идеяны айналдыра беруді қояйық. Міне, цифрлар. Бизнес кредит берілмей жатыр деген сөз шындыққа сай келмейді», – деді.

Бахмутованың түсіндіруінше, банктер, ең алдымен, акционерлер мен салымшылар үшін жұмыс істейді.

«Олардың (банктер-ред.) тікелей міндеті салымшылар алдындағы міндеттемелерді орындау және акционерлер табысын қамтамасыз ету. Мәселе, энтузиазмде емес, олар өздерінің бизнес-моделін құрады», – деп атап өтті ол.

Осыған дейін нарықтағы ең ірі банктің бірі Halyk Bank төрағасы Үміт Шаяхметова банктер үшін бизнеске қарағанда қарапайым халыққа кредит әлдеқайда тиімді деген еді. Оның сөзінше, банк бизнеске көбірек несие беру үшін мемлекет белгілі бір жеңілдік ұсынуы керек.

«Бүгінде бизнес несиелерінің экономикасы банктер үшін жеке тұлғаларды несиелеумен салыстырғанда онша тиімді емес. Сондықтан бизнеске берілетін несиелерге салықтық жеңілдіктер қарастыруды ұсынамыз. Бұл мәселе қазір парламентте талқыланып жатыр», – деді Шаяхметова Үкімет отырысында.

Қаржы ұйымдарын экономикаға көбірек жұмылдыру туралы сөз былтыр Тоқаевтың тапсырмасынан кейін жиі айтыла бастаған. Үкімет отырысындағы жиынның бірінде президент отандық банктер бизнеске тарту керек деген.

«Отандық банктерді бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарына тарту өте маңызды. Банк секторының ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеу мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Тиісті тапсырманы мені Экономиканы кредиттеуді кеңейту жөніндегі іс-шаралар туралы Жарлық аясында бердім», – деп атап өткен еді ол.

Банктер көп тапқаны үшін көп салық талап ету дұрыс па?

CFO Summit жиынындағы пікірталаста талқыланған тағы бір тақырып – банктерге салынатын салық. Бахмутованың сөзінше, банктер – нарықтағы ең ашық ойыншылардың бірі және олар көп табыс табады деген үшін ғана көбірек салық төлету деген болмау керек. Себебі қаржы ұйымдары онсыз да бюджетке қомақты қаражат құяды.

«Егер депутаттарды тыңдасақ, банк акционерлері жоғары дивидендтер беруі керек, себебі олар көп табыс табады. Логикасы сондай. Ал егер цифрларға қарайтын болсақ, өткен жылы банктер 450 млрд теңгеге ұжымдық табыс салығын төлеген. Ол арғы жылмен салыстырғанда 39%-ға көп. Өткен аптада Мәжілісте жаңа Салық кодексін таныстырғанда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин ірі салық төлеушілерден бюджетке түсетін ұжымдық табыс салығының өсімі бар болғаны 3% құрағанын айтты. Бар болғаны 3%. Ал банктер бойынша өсім 39%», – деді ол.

Сарапшының сөзінше, банктер халықаралық стандарттарға сай қаржы есебін жариялайды. Ол жерде кірісін жасырып қалу мүмкін емес.

«Одан салық төлейді. Енді сұрақ, олар (банктер – ред.) көп тапқандықтан,көп сұрағысы келеді. Оны әділетті деп есептейді. Мен мұндай әділеттілікті түсінбеймін», – дейді Бахмутова.

Төрағаның түсіндіруінше, осындай логикамен банк қызметіне ҚҚС қосудың теріс салдары болады.

«Банк қызметтеріне ҚҚС қосу туралы айтсақ. Оны (ҚҚС төлемін – ред.) банктер өзіне алады ғой дейді, олар өздеріне алмайды. Бұл дегеніміз төлем, аударымға қатысты барлық қызметтер ҚҚС-ға қарай өседі. Ал ол деген миллиондаған транзакциялар», – деді Бахмутова.

Қазір Мәжілісте жаңа Салық Кодексі қаралып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі банктер қызметі үшін клиенттерден алатын комиссияға салық салуды ұсынады. Яғни карта шығарғаны үшін немесе басқа бір банкке ақша аударымы үшін ұсталатын комиссияға да ҚҚС салуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз