Украина мен АҚШ делегациялары Сауд Арабиясында келіссөздер өткізеді

Украина президенті Владимир Зеленский келесі аптада Сауд Арабиясында Украина мен АҚШ делегациялары арасында келіссөздер өтетінін растады. Бұл кездесуде екі елдің ынтымақтастығы және бейбітшілік орнату мәселелері талқыланады.
Зеленский Брюссельдегі ЕуроОдақ саммитінде сөйлеген сөзінде бұл келіссөздер Еуропадағы қауіпсіздікті күшейту аясында өтетінін атап өтті. Украина президенті 10 наурыз күні Сауд Арабиясына ресми сапармен барып, елдің фактілі билеушісі саналатын мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салманмен кездесетінін хабарлады.
«Осы кездесуден кейін менің делегациям Сауд Арабиясында қалып, америкалық серіктестермен келіссөздер жүргізеді», – деді Зеленский.
Бұған дейін Украина мен АҚШ делегацияларының кездесуі келесі аптада, сейсенбі, 11 наурыз немесе 12 наурыз күні өтетіні туралы ақпарат тараған. АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф бұл кездесуге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта украиналық тараппен Эр-Риядта немесе мүмкіндігінше Жиддада кездесу өткізу туралы келіссөздер жүріп жатыр. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – бейбіт келісімнің негіздерін әзірлеу және уақытша атысты тоқтату мәселесін қарастыру», – деді Уиткофф AFP агенттігіне берген сұхбатында.
Fox News арнасының тілшісі АҚШ делегациясының құрамында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолтц және арнайы өкіл Стив Уиткофф болатынын хабарлады. Ал Украина делегациясын Президент әкімшілігінің басшысы Андрей Ермак басқарады. Сондай-ақ Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеровт қатысуы мүмкін.
Ресми кездесу күні әлі жарияланған жоқ, бірақ AFP агенттігінің дереккөзі оның 11 наурызда Эр-Риядта өтуі ықтимал екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Ақ үйде Зеленский мен Трамп арасында орын алған пікірталастан кейін, екі ел арасындағы қарым-қатынаста шиеленіс байқалған. Соның салдарынан Украинамен бірлескен пайдалы қазбаларды игеру туралы келісімге қол қою тоқтатылған, ал АҚШ Киевке әскери көмек пен барлау мәліметтерімен алмасуды тоқтатқан еді.