Қызылорда облысында Жосалы кентін су басты

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінің бірнеше көшесін қарғын су басты. Оқиға 8 наурыз күні кешке болған.
Екі көшені су алған
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына қарағанда, су тұрғын үйлердің аумағына кірмеген, зардап шеккендер жоқ.
«Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Жосалы кентінде қардың қарқынды еруі салдарынан Қасымов және Мәмбет би көшелеріне су жайылды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Апаттың алдын алынды ма?
Құзырлы органның мәліметінше, оқиға орнына ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың және полицияның күштері мен құралдары жедел жеткен.
«Апат салдарын жоюға барлығы 150-ден астам адам және 14 бірлік техника, оның ішінде мотопомпалар жұмылдырылды», – дейді департамент өкілдері.
Қазір жағдай тұрақты
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бірқатар жедел шаралар қабылданған. Соның арқасында жеке тұрғын үйлердің су астына қалуына жол берілмеді.
«Қазіргі уақытта еріген қар суын сору және бұру жұмыстары толығымен аяқталды. Жағдай тұрақты», – дейді облыстық төтенше жағдай департаменті.
«Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев су өткізу құрылғыларына жөндеу жұмыстары жасалмағандықтан, көктемде 1,3 миллион адам суда қалуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.