Енді қант пен тұзы көп өнімдерге түрлі-түсті таңба қойылады

Қазақстанда қант, тұз және майды шамадан тыс тұтынудың зияны туралы ескерту жасайтын арнайы түсті таңбалау жүйесін енгізу мәселесі қайта қаралып жатыр.
Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттарға берген жауабында жазылған. Оны іске асыру үшін Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) техникалық регламенттеріне өзгерістер енгізілуі қажет.
«Пандемияға дейін ЕАЭО деңгейінде азық-түлік өнімдерін таңбалау нормаларын жаңарту ұсынылған еді, алайда ол кезде мүше елдер өзгерістерді қолдамаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы «Азық-түлік өнімдерін таңбалаудағы түсті индикация» атты әдістемелік нұсқаулық әзірледі. Құжаттың мақсаты – тұтынушыларды өнім құрамындағы зиянды компоненттердің деңгейі туралы ашық және түсінікті ақпаратпен қамтамасыз ету», – дейді Жұманғарин.
Алдағы уақытта қант, тұз және май мөлшеріне қарай азық-түлік пен сусындарды санаттайтын ұлттық қоректік профиль бекітіледі. «Бұл жүйе халықтың дұрыс тамақтануын қолдауға және өндірушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталып отыр» деген Жұманғарин.
Еске сала кетейік, аталған мәселені Парламент қабырғасында депутат Нұрсұлтан Байтілесов көтерген еді. Ол ата-аналар мен балаларға зиянды өнімдердің шынында да зиянды екенін дәлелдеу үшін сауда сөрелерінде кейбір өнімдерді таңбалауды ұсынған еді.