Қағазға бөлінетін 250 млрд теңгені мұғалімдерге тарату керек – сарапшы

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Ең бай қалалар қалды: Алматы, Атырау және СҚО-дан басқалары ұстаз ақысын төледі
Мектептердің керек-жағына жыл сайын 250 млрд теңге бөлінеді / Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы Бибек Жүнісов жыл сайын мектептердің керек-жағына (А4 бет, картридж, принтер, бор) 250 млрд теңге бөлінетінін айтады. Алайда оның сөзінше, тендерде ойнатылғанымен, бұл қаражат ұстаздарға жетпейді.

Сарапшы бұл пікірін алматылық белсенді Санжар Боқаевпен бірге түскен видеода айтты.

«Бір жылда мемлекет бюджетінен мектер оқытушыларына 250 миллиар теңгеден бөлінеді. Ол ақшаға А4 қағаздар, принтер, картридж, әртүрлі компьютерлер, шаруашылық, кеңсе, спорт тауарлары, кабинетті жөндеу, ақпараттық стенд секілді заттар сатылып алынады, Алайда көптеген оқытушылар «бізге ол заттар жептейді, келмейді» деп жазып жатады. Бір мұғалім тіпті «мектепте жұмыс істеп жүргеніме 40 жыл болды, бірде бір А4 қағаз берген жоқ» дейді. Бұл – жүйелі, жылдан жылға жалғасып келе жатқан проблема. Оны шешу қажет», – дейді Бибек Жүнісов.

Сарапшымен бірге видео түсірген алматылық белсенді Санжар Боқаев Қазақстанда орта білім саласында шамамен 500 мың мұғалім барын есептей келе, 250 млрд теңгені 500 мың мұғалімге бөлгенде, әр мұғалімге жылына шамамен 400 мың теңге айналатынын айтты. Сөзінше, мұғалімдер бұл ақшаның бір тиынын да көрмейді: қалам, өшіргіш, қарапайым кеңселік тауарлар оларға жетпейді.

«Бұл ақша толықтай деуге болмайды, 90 пайызы желініп кетіп жатыр. Себебі тендерді ойнататын білім басқармалары тендерді ойнатады, тасымалдаушылар жеңіл алады, алайда заттар ұстаздарға жетпейді. Соның салдарынан ұстаздар ол керек-жарақты өз ақшасына алады немесе ата-аналардан жинайды. Алайда бұл заттардың бәріне мемлекеттен қыруар ақша бөлінеді. Бұл мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігіне хаттарды жаздым. Алайда олар тарапынан мәселені шешуге ынта-жігерлері жоқ», – дейді ол.

Сарапшы бұл жүйелі әрі бұрыннан келе жатқан проблема екенін жеткізді. Сонымен қатар шешімін де ұсынды. Ол ең дұрысы – әр мұғалімге айлығына қосымша ретінде керек-жарағына бөлінетін ақшаны қосып берген дұрыс деп есептейді.

«Түбінде бұл заттарды оқушылар арқылы ата-аналар алып беріп жатыр», – дейді ол.

Бибек Жүнісов білім саласы басқа салалардан қарағанда жемқорлық ең көп сала екенін айтады.

Сондай-ақ оқыңыз