
Бүгін Қазақстан бойынша жаңа Ата заң жобасына дауыс беруге арналған референдум басталды. Ел бойынша 10 388 учаске ашылды. Kursiv Media референдум барысынан мәтіндік трансляция жүргізіп отырады.
Дауыс беру учаскелері сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін ашық болады. Дауыс беретін учаскеңізді қалай табуды мына жерден біле аласыз.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен, әлемнің 62 еліндегі елшіліктер мен бас консулдықтарда дауыс беру пункттерін ұйымдастырылды.
00:15. Exit poll нәтижесі
Еуразиялық интеграция институты жүргізген exit poll нәтижесінде референдумда дауыс бергендердің 86,7%-ы жаңа Конституция жобасын қолдаған.
Институт Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтар арасында сауалнама жүргізген. Сауалнама 200 референдум учаскесін қамтыған, оның ішінде 129-сі – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан.
Дауыс беруге құқылы адамдардың 75,3%-ы референдумға қатысқан.
«СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты өткізген exit-poll нәтижесінде дауыс бергендердің 87,4%-ы «Иә, қолдаймын» деген нұсқаны таңдаған.
20:00: Елдегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды
Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша республиканың 9 126 850 азаматы референдум бюллетенін алған.
Өңірлерде азаматтардың келуі мынадай:
- Абай облысы – 75,45%
- Ақмола облысы – 79,82%
- Ақтөбе облысы – 87,05%
- Алматы облысы – 71,46%
- Атырау облысы – 74,04%
- Батыс Қазақстан облысы – 68,94%
- Жамбыл облысы – 85,06%
- Жетісу облысы – 78,49%
- Қарағанды облысы – 84,30%
- Қостанай облысы – 81,21%
- Қызылорда облысы – 93,04%
- Маңғыстау облысы – 77,89%
- Павлодар облысы – 75,51%
- Солтүстік Қазақстан облысы – 70,52%
- Түркістан облысы – 84,03%
- Ұлытау облысы – 73,15%
- Шығыс Қазақстан облысы – 86,42%
- Астана қаласы – 60,36%
- Алматы қаласы – 33,42%
- Шымкент қаласы – 75,82%.
Осылайша сағат 20:00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген азаматтардың 73,24 пайызы дауыс берген.
18:16: Дауыс беруге 70,98% қатысты
Сағат 18.00-дегі жағдай бойынша республиканың 8 845 280 азаматы бюллетень алған. Өңірлерде азаматтардың келуін мына жерден көре аласыз.
ОРК мәліметінше, тізімге енгізілген азаматтардың 70,98 пайызы дауыс берген. Дауыс беру учаскелеріне келу көрсеткіші туралы келесі ақпарат сағат 20.30-да беріледі.
16:24: Халықтың 64,43 пайызы дауыс беріп үлгерді
Сағат 16.00-дегі жағдай бойынша республиканың 8 029 286 азаматы бюллетень алған.
Өңірлерде азаматтардың келуі мынадай болған:
Абай облысы – 69,29%
Ақмола облысы – 71,33%
Ақтөбе облысы – 77,65%
Алматы облысы – 68, 23%
Атырау облысы – 64,33%
Батыс Қазақстан облысы – 60,61%
Жамбыл облысы – 70,31%
Жетісу облысы – 68,50%
Қарағанды облысы – 72,63%
Қостанай облысы – 70,96%
Қызылорда облысы – 82,02 %
Маңғыстау облысы – 68,19%
Павлодар облысы – 68,41%
Солтүстік Қазақстан облысы – 60,70%
Түркістан облысы – 72,3%
Ұлытау облысы – 66,50%
Шығыс Қазақстан облысы – 78,98%
Астана қаласы – 47,76%
Алматы қаласы – 28,16%
Шымкент қаласы – 72,61%.
Ол тізімге енгізілген азаматтардың 64,43 пайызын құрады. Сонымен қатар ОРК Астана уақыты бойынша сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларында референдум учаскелері ашылғаны туралы хабарлайды.
14:45: Атазаң есімді сәби
Маңғыстау облысында референдум күні көпбалалы отбасында тоғызыншы сәби дүниеге келді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сәбиге Атазаң есімі берілді. Жаңа туған нәресте – отбасындағы тоғызыншы бала. Ұл бала салмағы 4130 грамм, бойы 57 сантиметр», – делінген хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, анасы мен сәбидің жағдайы жақсы.
14:19: Халықтың жартысы дауыс берді
ОРК мүшесі Шавкат Өтемісов референдум басталғалы 6,4 миллионнан астам азамат дауыс бергенін мәлімдеді.
«Заңға сәйкес, егер референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысы қатысса, референдум өткізілген деп саналады» – деді ол.
Оның айтуынша, сағат 14:00-дегі жағдай бойынша азаматтардың келу көрсеткіші мынаны көрсеткен:
Абай облысы – 61,04%
Ақмола облысы – 60,05%
Ақтөбе облысы – 61,37%
Алматы облысы – 56,13%
Атырау облысы – 56,54%
Батыс Қазақстан облысы – 49,97%
Жамбыл облысы – 51,13%
Жетісу облысы – 59,82%
Қарағанды облысы – 57,32%
Қостанай облысы – 56,51%
Қызылорда облысы – 64,63%
Маңғыстау облысы – 53,14%
Павлодар облысы – 53,31%
Солтүстік Қазақстан облысы – 52,37%
Түркістан облысы – 58,03%
Ұлытау облысы – 52,06%
Шығыс Қазақстан облысы – 59,60%
Астана қаласы – 40,68%
Алматы қаласы – 21,68%
Шымкент қаласы – 58,24%.
13:59 Қазақстанда қос билік болмауға тиіс – Президент
Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікірін білдірді. Ол Қазақстан халықаралық қақтығыстарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын айтты.
«Бұл Иран билігінің ерекшелігіне байланысты деп ойлаймын. Бір жағынан діни билік үстемдік етеді. Президент те бар, бірақ ол – формальды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын», – деді президент.
13.29: Тоқаев журналистердің сұрағына жауап берді
Ақорда Мемлекет басшысының журналистерге берген жауабын жариялады.
Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға неге аз ғана уақыт жұмсалды деген сұраққа жауап берген.
«Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім», – дейді президент.
12.00: 4,6 миллионнан астам адам дауыс берді
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова референдумға түскі 12.00-де дейін халықтың қатысу көрсеткішін жариялады.
Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша өңірлерде азаматтардың дауыс беруге келу көрсеткіші мынадай:
Абай облысы 41,93 %
Ақмола облысы 44,66 %
Ақтөбе облысы 45,73 %
Алматы облысы 40,41 %
Атырау облысы 42,29 %
Батыс Қазақстан облысы 36,59 %
Жамбыл облысы 35,86 %
Жетісу облысы 43,32 %
Қарағанды облысы 42,95 %
Қостанай облысы 37,10 %
Қызылорда облысы 43,18 %
Маңғыстау облысы 34,57 %
Павлодар облысы 36,57 %
Солтүстік Қазақстан облысы 41,64 %
Түркістан облысы 44,13 %
Ұлытау облысы 36,59 %
Шығыс Қазақстан облысы 42,88 %
Астана қаласы 31,23 %
Алматы қаласы 14,85 %
Шымкент қаласы 42,59 %
Жалпы, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша республиканың 4 677 595 азаматы бюллетень алған. Ол тізімге енгізілген азаматтардың 37,54 пайызын құраған.
Азаматтардың уақытша болу орындарындағы 106 учаскеде дауыс беру аяқталды.
Дауыс беру учаскелеріне келу туралы келесі ақпарат жергілікті уақыт бойынша 14.00-де беріледі.
11:58. Президент дауыс берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумға қатысып, дауыс берді.
Мемлекет басшысы Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.
Дауыс бергеннен кейін Президент отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Сондай-ақ ол бүгінгі күннің ел болашағы үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.
«Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Бұл – тарихи құжат. Жаңа Конституция азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді, еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғайды», – деді президент.
Президенттің айтуынша, 1995 жылы қабылданған Конституция елдің дамуына үлкен үлес қосты. Алайда уақыт талабына сай жаңа Ата заң қабылдау қажеттігі туындаған.
Тоқаев жаңа Конституцияның бірқатар нормаларын, соның ішінде преамбуласын жазуға өзі де қатысқанын айтты.
11:27. Назарбаев дауыс берді
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев референдумда дауыс берді.
Назарбаев елордадағы №228 референдум учаскесіне барған. Ол алыстан қол бұлғап, тілшілерге қарай жақындамады.
11:24. Бас прокуратура Тыныштық күні заң бұзғандар туралы мәлімдеді
Тыныштық күні, 14 наурызда, бірнеше заң бұзғандар тіркелді. Бұл туралы бүгін Бас прокуратурадан хабарлады.
Ведомство мәлімдеуінше, қоғамдық пікірді анықтау үшін заңсыз сауалнама жүргізген екі дерек және дәл сондай агитация жүргізген екі дерек тіркелген. Құқық бұзғандарға айыппұл салынды.
Бас прокуратура дерегінше, дауыс беру тыныш, бір қалыпты өтіп жатыр. Заң бұзушылықтар болмаған.
10:58. Сөз бостандығы жауапкершілікпен қатар жүруі керек – Балаева
Референдум учаскесіне келген Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистердің сөз бостандығына қатысты сұрағына жауап берді.
Аида Балаева мәселеге тек журналистер қызметі тұрғысынан қарауға болмайтынын айтты. Сөзінше, Қазақстанда ашық қоғам қалыптасқан және цензураға жол берілмейді.
«Егер 1995 жылы қабылданған қазіргі Конституцияны қарасақ, ол кезде елде шамамен жүзге жуық бұқаралық ақпарат құралы болған. Оның ішінде 50-ден астам газет-журнал мен бірнеше электронды БАҚ қана бар еді. Қазір ақпарат кеңістігі түбегейлі өзгерді. Әлеуметтік желілер, жаңа коммуникация құралдары пайда болды. Сондықтан олардың ықпалын да ескеру қажет», – деді министр.
Балаеваның айтуынша, сөз бостандығы басқа адамның ар-намысына тиюге, жеке өміріне қол сұғуға немесе ұлт пен этносты кемсітуге себеп болмауы керек.
10:26. Дархан Сатыбалды дауыс берді

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды референдумда дауыс берді. Ол таңдауын Назарбаев интеллектуалды мектебінда орналасқан учаскеде жасады
ОСК мәліметінше, қазіргі уақытта Қарағанды облысы (26,64%), Қызылорда облысы (24,02%) дауыс беру бойынша көш бастап тұр. Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласы да алда келеді (21%-дан).
Астана қаласында дауыс беру көрсеткіші – 20,68%. Ал Алматыда – 9,54%.
09:52. Шетелдегі учаскелер
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, референдум учаскелері әлемнің 30-дан астам елінде ашылған.
«Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейін Қытай, Сингапур, Моңғолия, Малайзия, Таиланд, Вьетнам мен Индонезияда учаскелер ашылды. Дауыс беру процесі Ресей, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанда да белсенді жүріп жатыр», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жақын уақытта Еуропа елдеріндегі референдум учаскелері де өз жұмысын бастайды.
Ғасыр жасаған ардагер референдумда дауыс берді
102 жастағы ардагер Құрмат Рахимов референдумда дауыс берді. Бұл туралы көшпелі дауыс беруді ұйымдастырған ІІМ мәлімдеді.
Ардагер ел ісінен шет қалмай, өз таңдауын жасаған.
08:50. Халатпен келген тұрғын

Астанадағы учаскелердің біріне тұрғын ерекше киім үлгісінде келді. Елордалық бойжеткен дауыс беру учаскесіне жаңа ғана жуынып шыққандай басына аппақ сүлгі орап, үстінде ақ халат киген. Тіпті жанында робот иті де бар.
08:30. Ерте дауыс берген министрлер
Өз учаскелерінде цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таңдауын жасады.
Таңертең ерте дауыс бергендер қатарында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та бар. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов та референдумға қатысты. Ол өз учаскесіне әскери формасымен келіп, дауыс берді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да алғашқылардың қатарында болып дауыс берді.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Әл‑Фараби атындағы Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан №51 сайлау учаскесінде дауыс берді.
08:06. Қарин, Бектенов, Қошанов өз таңдауын жасады

Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин референдумда дауыс беріп, бүгін маңызды күн екенін, себебі жарты жылдық дискуссияға нүкте қойып, нәтижесі бүгін шығатынын мәлім етті.
Премьер-министр Олжас Бектенов елордадағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінде орналасқан №130 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Таңертеңнен дауыс бергендердің ішінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та бар. Ол журналистердің сұрақтарына қысқаша жауап беріп, өз таңдауын жасағанын айтты.
Астанадағы референдум учаскелеріне кабмин мүшелері мен депутаттар да келіп дауыс беріп жатыр.
07:36. GGG
Референдумда елден бұрын ең бірінші болып Головкин дауыс берді.
Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, «World Boxing» ұйымының президенті Геннадий Головкин дауысты Бангкок қаласында берген.
Ал ел бойынша референдумға алғаш болып келгендерге сыйлық берілді.
Астана әкімдігінің мәліметінше, таңғы жетіде бірінші болып келген азаматқа ыдыс-аяқ жиынтығын сыйлаған.
Ал Алматыда алғаш келген тұрғындарға дауыс зорайтқыштар берілген.