Жаңалықтар

Алматы хайуанаттар бағында екі қонжық дүниеге келді

Алматы хайуанаттар бағында екі қонжық дүниеге келді / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Алматы хайуанаттар бағында тянь-шань қоңыр аюларының екі қонжығы туылды, деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Алматы хайуанаттар бағында кезекті қуанышты оқиға орын алды. Тянь-шань қоңыр аюлары екі қонжықты болды. Қаңтар айы Алматы хайуанаттар бағы үшін ең өнімді ай болды. Бұған дейін хайуанаттар бағы амур жолбарыстарының, сұр және жирен кенгурулардың дүниеге келгені туралы хабарлаған болатын», – делінген хабарламада.

Қонжықтар Құрманбек пен Герда жұбында дүниеге келді. Аналық аю үшін бұл – төртінші ұрпақ.

«Мазасыз сәбилер қаңтар айында туылды, олар соқыр, саңырау және дерлік жалаңаш болып туылады. Шамамен үш-төрт ай бойы іште (үйшікте) өмір сүріп, ана сүтімен қоректенеді. Анасы оларды үлкен вольерге енді ғана шығара бастады. Герда – тәжірибелі ана, ол өз балаларына өте жақсы қарап жүр», – деді «Жыртқыш сүтқоректілер» бөлімінің жетекшісі Гаухар Сергібаева.

Бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында бірден үш кенгуру төлі дүниеге келгені туралы хабарланған болатын.