
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Кипрде өтіп жатқан 2026 жылғы үміткерлер турнирінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізіп, көш бастады.
22 жастағы спортшы соңғының алдындағы 13-турда украиналық Анна Музычукпен кездесті. Аралық кестеде олар 3-4 орындарды бөлісіп тұрған болатын. Асаубаева ақ фигуралармен ойнап, жеңіске жетті, бұл оның турнирдегі төртінші жеңісі болды.
Қазақстандық шахматшы 7,5 ұпай жинап, Үндістан өкілі Вайшали Рамешбабумен бірге 1-2 орындарды бөлісіп тұр. Қытайлық Чжу Цзиньэрдің еншісінде жеті ұпай бар, ол жарияланым шыққан сәтте 13-турдағы матчын әлі аяқтамаған еді. Келесі кездесулер 15 сәуірге жоспарланған.
Асаубаева соңғы турда үндістандық Дивья Дешмукхпен ойнайды. Олардың алтыншы турдағы матчы қазақстандықтың жеңілісімен аяқталған болатын. Бірінші орын үшін таласта ұпайлар тең болған жағдайда, 16 сәуірде тай-брейк өтеді.
Үміткерлер турнирінің жеңімпазы қазіргі әлем чемпионы – қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік тәж үшін таласуға құқық алады.
Бұған дейін 14 сәуірде ерлер арасындағы осындай жарыста өзбекстандық Жавохир Синдаров бірінші орынды қамтамасыз еткен болатын. Ол әлем чемпионы атағы үшін үндістандық Гукеш Доммараджумен ойнайды.