
Астаналық мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы продюсер Баян Алагөзованың «Алтын ханым» жобасында үздік атанып, «Алтын ханым – 2026» титулын иемденді.
Ақмоншақ Нұртазақызы өзі ұтып алған 3 млн теңгенің әйелдерді қолдайтын әлеуметтік жобаға жұмсайтынын айтты.
«Маған осы мүмкіндікті берген Баян Мақсатқызына, қолдау көрсеткен отбасыма, ата-ана мен ата-енеме алғыс білдіремін», – деді ол өз сөзінде.
Байқаудың ұсынған ақпаратына сүйенсек, Ақмоншақ Нұртазақызы – төрт дипломы бар ұстаз, мектеп директоры және блогер.
Бұған дейін Ақмоншақ Нұртаза Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында жобаға дайындық барысында өзіне қатаң талап қойып, қысқа уақыт ішінде 10 келі салмақ тастағанын айтқан. Оның айтуынша, бұл нәтижеге жету оңай болмаған. Бірақ «Алтын ханым» атағына лайықты болу үшін жасалған бұл қадам оның ерік-жігерінің қаншалықты мықты екенін көрсеткен.
Айта кетейік, «Алтын ханым» байқауы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оны белгілі продюсер Баян Алагөзованың компаниясы ұйымдастырады. Байқауға отбасылы әйелдер қатысады. Жыл сайын олардың арасынан бірі таңдалып, атақты иеленіп отырады.
