
Қазақстандағы ірі алтын өндіруші – «Алтыналмас» компаниясы меншігіндегі «Алтыналмас сауда үйін» иелігінен шығарды. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіне жолданған хабарламада жазылған.
Компания иелігінде 17 стратегиялық нысан акциялары мен үлесі бар, олардың басым көпшілігінде бақылау үлесі 100 пайызды құрайды.
Толық иеліктегі компаниялар қатарына «Анисимов Ключ» және «AA Estate» серіктестіктері, сондай-ақ тау-кен өндірісі бағытындағы «Met Miner», «Майқайыңалтын» акционерлік қоғамы, «Қазақалтын», «Асыл Ресорсес» және «АҚТОҒАЙ МЫС» кәсіпорындары кіреді.
Технологиялық және сервистік қолдау көрсету блогын «Altynalmas Service», «Алтыналмас Technology», «Қазақалтын Сервис», «Ақсу Technology», «Қазақалтын Technology», «AAEngineering Group» және «Altynalmas Reagents» компаниялары құрайды.
Бұдан бөлек, эмитент «Степногорск» қонақ үйі ЖШС-нің 100 пайыз үлесіне және «Ақбақай тау-кен металлургиялық комбинаты» акционерлік қоғамының 99,61% акциясына иелік етіп отыр.
Бұған дейін «Алтыналмас» компаниясының бағалы қағаздары AIX биржасында саудаланатыны хабарланған.
Қазіргі уақытта компанияның 9 акционері бар, олардың ішіндегі ең ірісі – нидерландылық Gouden Reserves B.V. (66,39%) және кәсіпкер Владимир Жұманбаев (23,2%). Алайда нарықта компанияның меншік иесі ауысуы мүмкін деген ақпарат тараған. Соған сүйенсек, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп «Алтыналмас» компаниясының 100% акциясын сатып алуды жоспарлап отыр.