
Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі өтіп жатыр. 2026 жылдың 14 сәуіріндегі сот отырысында Эльмира Төлегеновадан жауап алынды. Жауабында сотталушы тағылған айыпты ішінара мойындады.
«Заңсыз кәсіпкерлік бойынша әкімшілік соттың өзінде дайын болдық. Ол кезде басқа нәрсеге иландық, қол қоймадық. Қазір заң бұзғанымызды мойындаймын. Осы жерде тұрудың өзі мен үшін қиын. Ол үшін жауапкершілік арқалауға дайынбыз. Алайда қылмыстық кодекстің 218-бабын (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) түсіне алмадым. Бұл жазаны ауырлату үшін жасалып жатыр ма? Әйел ретінде жаным ауырады», – деді Төлегенова көзіне жас алып.
Айта кетейік, ерлі-зайыпты блогер қылмыстық кодекстің 214 (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) негізінде айыпталып отыр.
«Адвокат қол қойма деп айтты»
Соттағы жауабында Төлегенова әкімшілік іс қозғалған кезді есіне алды. Айтуынша, күйеуі екеуіне бір күнде хабарлама келген. Содан кейін бірден адвокатқа хабарласып, не істеу керек екенін сұраған. Ол кезде ерлі-зайыптының құқығын адвокат Олег Чернов қорғаған.
Содан кейін үшеуі Туризм министрлігі құрамындағы жауапты комитетке келіп, мән-жайды білген. Қол қойып, айыппұл төлеуге дайын болған. Комитет те ұтысты аяқтауға мүмкіндік берген. Алайда адвокат қазір құжаттарға қол қойса, бірнеше айдан кейін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін айтқан.
«Келесі күні комитетке тағы бардық. Адвокат қол қоймау керек деп айтты. (Айыппұл – ред.) төлесек, қылмыстық қудалау басталатынын жеткізді. Біз хаттамаға қол қоймадық», – дейді Төлегенова.
Айта кетейік, бұған дейін Ерболат Жанабылов тағылған айыпты ішінара мойындады.