
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Астанада үш бала қайтыс болған жағдайға пікір білдірді. Сөзінше, құрылыс талаптарын күшейту қажет.
«Бір үйде бір-екі көліктен болады деп есептейік. Ол көліктерді қоятын жер керек. Бірі паркингке қояды, бірі аулаға қояды. Аулаға қойса, арнайы техника кіре алмай қалады. Өрт сөндіру талаптарын күшейтуіміз керек», – дейді Базарбек.
Айтуынша, құрылыс талаптары 2026 жылдың 1 шілдесінде күшіне енетін Құрылыс кодексінде көрсетілген.
«Жаңа Құрылыс кодексінде құрылыс материалдарының сапасына, кепілдік мерзімдеріне қатысты қатаң талаптар енгізілген. Астанада балалар қаза тапқан қайғылы жағдайға құрылыс компаниясы жауапты», – дейді депутат.
Бақытжан Базарбек осы жағдай бойынша тексеріске бастамашы болуды жоспарлап отыр.
«Бас прокуратураға материалдар жолдауға дайынмын. Кепілдік мерзімі өткен-өтпегенін және жалпы құрылыс компаниясын тексеруі керек», – дейді ол.
2026 жылдың 12 сәуірінде Астананың Есіл ауданындағы 21 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, үш бала қайтыс болды.