Жаңалықтар

Шымкентте жолдағы жанжал жаппай төбелеске ұласты

полиция
Шымкентте жолдағы жанжал жаппай төбелеске ұласты / Фото: Shutterstock

Шымкентте полиция бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп жазады «ҚазАқпарат«.

Оқиға Сәуле шағын ауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, мас ер адамдар тобы жеке үйдің жанында есеп айырысқан. Жолдағы кедергіге байланысты басталған сөз таласы соңында ұрып-соғуға ұласқан. Сондай-ақ, куәгерлер шабуыл жасаушылардың бірінде пышақ болғанын хабарлады.

«Қарт адамның аяғын сындырып жіберді. Жанжалдың ортасында балалар мен әйелдер де қалды. Он айлық нәресте қатты шошып қалған, жүкті әйелдің күйзеліс салдарынан денсаулығы нашарлады», – деп бөлісті оқиғаның егжей-тегжейін куәгерлер.

Жергілікті тұрғындар кінәлілер жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қауіптеніп, құқық қорғау органдарының басшылығын істі жеке бақылауға алуға шақырды.

Полиция департаменті оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталғанын растады. Сонымен қатар, ведомство төбелес кезінде пышақ жарақаты салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы полиция бөлімшесіне жеткізілді. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде», – деп хабарлады Шымкент қалалық ПД.

Тергеудің алдын ала мәліметтері бойынша, жанжалға жолдағы дау себеп болған. Жүргізушілер жолға таласып, артынан өзара есеп айырысуға көшкен.

«Қоғамдық орындардағы мұндай құқыққа қайшы әрекеттерге жол берілмейді және жазасыз қалмайды. Құқық бұзушылықтың кез келген көрінісі заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылады», – деп толықтырды құқық қорғау органдары.