
Ақтауда буаз ит пышақ жарақатынан кейін өліп қалды. Ақпаратты өңірлік полиция департаменті растады. «ZOO Лекарь» ветеринарлық клиникасының мәліметінше, жануардың құрсақ тұсына пышақ жарақаты салынған.
Клиникаға әкелінген кезде иттің қатты қансырап, тыныс алуы қиындағаны байқалған. Жағдайды иттің буаздығының соңғы мерзімінде болуы қиындата түсті. Ветеринарлар шұғыл түрде кесар тілігін жасап, стерилизация жүргізді. Алайда жануарды аман алып қалу мүмкін болмады.
«Біздің дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады: күрделі әрі ұзақ ота жасалып, әр минут үшін күрес жүрді. Бірақ барлық күш-жігерге қарамастан, таңға жуық ит өліп кетті. Бұл жануардың жанында болып, оның өмірі үшін күрескендердің бәріне ауыр тиді. Күшіктер еріктілерге берілді, қазір олардың өмірі сенімді қолда», – деп жазды клиника өкілдері.
Күшіктерді емізу үшін оларды бауырына баса алатын басқа ит табылды. Күшіктердің өсіп, қатаюына мүмкіндік туды, деп атап өтті клиникадағылар.
Полиция жануарларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта осы іске қатысы бар тұлғаларды анықтау мен ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүзеге асырылуда», – делінген хабарламада.