
Оңтүстік Кореяның Чинчжу қаласында жүк көлігінің жүргізушісі митингке қатысушыларды қағып кетті, салдарынан бір адам қаза тауып, екеуі жарақат алды, деп хабарлайды Yonhap.
Оқиға 20 сәуір күні таңертең CU азық-түлік дүкендер желісінің логистикалық орталығының жанында жүк тасымалдау саласы қызметкерлері кәсіподағының мүшелері митинг өткізіп жатқан кезде болған. Куәгерлердің мәліметінше, 2,5 тонналық жүк көлігінің жүргізушісі оның жолын бөгеген топты айналып өтпек болған.
Нәтижесінде митингке шыққандардың бірі оқиға орнында көз жұмды, тағы екеуі зардап шекті. Полиция жүргізушіні ұстады. Оның іс-әрекетінің қасақана болған-болмағаны тексеріліп жатыр.
Кейінірек митинг өтіп жатқан жердің маңында кәсіподақ автокөлігі полиция қоршауын қағып кетіп, соның салдарынан 20 жастағы полицей зардап шекті. Бұл көліктің жүргізушісі де ұсталды.
Қайғылы оқиғадан кейін оқиға орнында кәсіподақ мүшелері мен полиция арасында текетірес болғаны хабарланды.