Жаңалықтар

Жапонияның солтүстік-шығысында жойқын жер сілкінісі болды

Жапонияның солтүстік-шығысында жойқын жер сілкінісі болды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Жапонияның солтүстік-шығыс жағалауында магнитудасы 6,8-ге тең күшті жер сілкінісі тіркелді. Сейсмологтар цунами қаупі туралы ескерту жариялады.

Жапония метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, жерасты дүмпулерінің ошағы Мияги префектурасының жағалауында, шамамен 60 шақырым тереңдікте орналасқан. Жер сілкінісі Мияги, Иватэ және Фукусима префектураларында, сондай-ақ, Токиода да сезілді.

Билік Мияги префектурасының жағалауына биіктігі бір метрге жететін толқындар келуі мүмкін екенін ескертіп, цунами қаупін жариялады. Жағалаудағы аудандардың тұрғындарына дереу қауіпсіз жерлерге және қыраттарға эвакуациялануға кеңес берілді.

Қазіргі зардап шеккендер туралы нақты ақпарат түскен жоқ. Шұғыл қызметтер жағдайды бақылап отыр. Көлік қозғалысына шектеулер қойылды. Өңірдегі «Синкансэн» жоғары жылдамдықты пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылды. Фукусима-1 және Фукусима-2 атом электр станцияларындағы жағдай тексеріліп жатыр, әзірге штаттан тыс жағдайлар тіркелген жоқ.

Полиция мен өрт сөндіру қызметі зардап шеккендер мен ғимараттардың зақымдануы туралы мәліметтерді жинауды жалғастыруда.