Жаңалықтар

Тоқаевтан сөгіс естіген экс-министр 115 млрд теңгеге зауыт салып жатыр

экс-министр Марат Қарабаев алюминий зауытын салып жатыр
Президенттен сөгіс естіп, министр қызметінен түскен бұрынғы шенеунік кәсіпкер атанды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Дастан Шанай

Бұрынғы көлік министрі Марат Қарабаевқа тиесілі Qazcoilpro компаниясы Түркістан облысында алюминий орамдарын шығаратын зауыт құрылысын бастады. Жоба құны – 115 млрд теңге.

Ауылда ірі өндіріс орны

Жаңа зауыт осы өңірдің Төле би ауданына қарасты Киелітас ауылында орналасады. Ресми мәліметке қарағанда, кәсіпорын толық іске қосылған кезде алюминий орамдарын өндіру бойынша Қазақстандағы алғашқы ірі өндіріс орындарының біріне айналады.

Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, зауыттың өндірістік қуаты екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде жылына 100 мың тонна өнім шығару жоспарланса, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

«Жоба нәтижесінде 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады», – деп таратты әкімдік.

Құрылыс шамамен үш жылға созылып, зауыт 2028 жылы ашылады деп жоспарланып отыр. Әкімдік жаңа жобаны Қазақстандағы «алюминий өнімдерін өңдеу саласындағы жаңа кезеңнің бастамасына» айналады деп сипаттады.

Зауытты кім салады

eGov мәліметінше, Qazcoilpro компаниясы 2025 жылғы 4 тамызда Түркістан облысы Төле би ауданында тіркелген. Алюминий өндірісімен шұғылданатын компанияның бірінші жетекшісі ретінде Марат Қарабаев көрсетілген.

eGov дерегінше, компанияның екі қожайыны бар. Олар: Қарабаев Марат Кәрімжанұлы және Сухов Рустам Владимирович.

38 жастағы Марат Қарабаев 2023-2025 жылдары көлік министрі қызметін атқарғаны мәлім. Ал оның алдында өндіріс вице-министрі болған. Қарабаев көлік министрі қызметінен 2025 жылғы 8 маусымда босатылған. Ал содан аз уақыт бұрын – 14 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған «жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін» сөгіс жариялаған.

Ал Сухов болса QazAlpack зауытын басқаратын кәсіпкер. Шымкент өндіріс аумағында орналасқан кәсіпорын сусын құятын алюминий ыдыс шығарады. Бұған қоса, оның «Еврокристалл» шыны зауыты бар.