
Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты істе сот тергеуі аяқталып, сот жарыссөзі басталды.
Жарыссөз барысында прокурор Олжас Хайруллаев блогер Ерболат Жанабыловты 4 жылға соттауды сұрады.
«Ерболат Жанабыловты қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, екі жыл алты айға бас бостандығынан айыруды;
қылмыстық кодекстің 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын.
Қылмыстық кодекстің 58-бабы негізінде түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», – деді прокурор жарыссөзде.
Сондай-ақ Жанабыловты сот залында қамауға алуды сұрады.
Прокурор блогер Эльмира Төлегенованы да мүлкін тәркілеп, түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурор блогерді жазасын өтеуге бір жылдан кейін жіберуді сұрап отыр.
Прокурор не деді?
Олжас Хайруллаев жарыссөз барысында сотталушы блогерлердің тергеудің қысым жасағанына қатысты мәлімдемесіне сыни көзбен қарауды сұрады.
«Сотталушылар тергеу барысында өздеріне Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері тарапынан қылмыстық мойындату үшін қысым көрсеткенін, атап айтқанда Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунттарын бұғаттау, барлық мүлкіне тыйым салу секілді қысым жасалғанын мәлімдеді.
Алайда қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша істі қалалық прокуратура қозғап, оны әрі қарай біріктіру үшін Экономикалық тергеу департаментіне жолданған. Қазір сотталушылардың Instagram желісіндегі аккаунттары бұғатталмаған», – деді прокурор.
Прокурордың сөзінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталушылардан тек бір рет жауап алынған. Тергеуде олар кінәсін мойындамаған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін сотталушыларға қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Яғни, қылмыстық қудалау органдары тарабынан қандай да бір қысым көрсетілсе, олардың уәкілетті органға жүгінуге мүмкіндігі болған», – деді прокурор Хайруллаев жарыссөзде.
Даудың басы
2025 жылдың 18-21 тамызы аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.
Содан кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тексеріс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданғанын мәлімдеді.
Жанабыловтарға қатысты әкімшілік іс 2025 жылдың 5 қыркүйегінде басталды. Содан кейін сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды.
Қылмыстық іс
Қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында басталды. Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.
«Ережеге сәйкес, кепілдендірілген ұтыстар ретінде 10 дана Hyundai маркалы автокөлік, iPhone маркалы ұялы телефондар және 5 000, 10 000, 50 000, 500 000, 750 000 теңге, сондай-ақ 1 000 000 теңге және 2 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қарастырылған. Жалпы жүлде қорының сомасы 200 000 000 теңгеден асқан. Бұл ретте олар курстарды сатудан шамамен 487 000 000 теңге қаражат тартуды жоспарлаған», – делінген айыптау актісінде.
Айыптау актісіне сәйкес, Жанабыловтың әрекеттері тұтынушыларды әдейі жаңылыстырған. Ол автокөлік ұтып алу мүмкіндігі туралы ақпарат таратқан, алайда тараптар арасындағы шарттық қатынастар онлайн-курстарды сатуды ғана қарастырған. Жүлде ұтысын ұйымдастыру Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшалар арқылы жүргізілген, ал ресми корпоративтік сайт немесе заңды тұлғаның аккаунты пайдаланылмаған.
Бұған дейін қылмыстық істегі прокурор Олжас Хайруллаев қылмыстық іс бойынша сот сараптамасы жүргізілгенін, соған сәйкес блогерлердің 247 млн теңгені қылмыстық жолмен тапқаны анықталғанын айтты.
Сотта ерлі-зайыпты тағылған айыпты ішінара мойындады.