Жаңалықтар

Тоқаев Астанада Оман премьер-министрінің орынбасарын марапаттады

Тоқаев Астанада Оман премьер-министрінің орынбасарын марапаттады / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оманның экономикалық мәселелер жөніндегі Премьер-министрінің орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

«Мемлекет басшысы Оман Сұлтанатының экономикалық мәселелер жөніндегі Премьер-министрінің орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидті қабылдады», – делінген хабарламада.

Кездесу барысында Президент Оманның араб әлеміндегі Қазақстанның уақыт сынынан өткен әрі сенімді серіктесі екенін атап өтіп, елдің барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға ниетті екенін растады.

«Біздің екіжақты байланыстарымыз саяси салада да, экономикалық салада да нығайып келеді. Қарым-қатынастарымызды нығайту ісіне қосқан жеке үлесіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидке өзімнің шынайы сәлемім мен зор құрметімді жолдағым келеді. Біз Жоғары мәртебелі Сұлтанның Астанаға сапарын күтеміз», – деді Тоқаев.

Оман Премьер-министрінің орынбасары жылы қабылдау үшін алғыс айтып, оман тарапының мемлекетаралық қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

«Қазақстан – мәдени мұрасы бай, өте әдемі ел. Сізге Жоғары мәртебелі Сұлтанның ізгі тілектерін жеткізу мен үшін үлкен мәртебе. Біздің қарым-қатынастарымыз сонау 1992 жылы орнатылған болатын. Біз Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі елдерінің ішінде Қазақстанмен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі болдық. Бізді мәдениет, сауда, экономика және туризм салаларындағы тығыз байланыстар біріктіреді. Ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміттенеміз», – деп атап өтті Зиязин бен Хайсам Әл Саид.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Таяу Шығыстағы қазіргі күрделі жағдайда Оман халқына қолдау білдіріп, елдің аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін мемлекет ретіндегі жоғары халықаралық беделін атап өтті.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Энергетика, металлургия, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Зиязин бен Хайсам Әл Саидті Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы достықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады», – деп хабарлады Ақорда.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрайымы Катрина Клаас-Мюльхойзерді қабылдағаны еді.