
Nike компаниясы жұмыс барысын оңтайландыру мақсатында шамамен 1400 адамды жұмыстан шығаратынын мәлімдеді. Reuters спорттық киім алпауыты бірнеше жылға созылған сатылымның құлдырауымен осылайша күрескісі келетінін жазды.
Операциялық директор Венкатеш Алагирисами қызметкерлерге жолдаған хатында қысқару Солтүстік Америка, Азия және Еуропадағы жаһандық операцияларға, негізінен технология бөліміне қатысты екенін айтқан. Бұл компаниядағы жалпы жұмыс күшінің шамамен 2%-ы.
Негізгі себеп пен нарықтағы жағдай
Nike бұған дейін қаңтар айында автоматтандыруды жеделдету үшін 775 жұмыс орнын қысқартқан болатын. Кейінгі кезде компания акцияларының бағасы 0,5%-ға өскенімен, соңғы үш жылда Nike акциялары құнының жартысынан астамын жоғалтқан. Оған On, Hoka және Anta сияқты епті бәсекелестердің нарықтағы үлесті тартып алуы себеп .
Nike екінші тоқсанда сатылым 2% бен 4% аралығында төмендейді деп болжап отыр. Әсіресе Қытайдағы жағдай күрделі. Мұнда сатылым 20%-ға дейін құлдырайды деген қауіп бар.
«Бұл қысқарту мәселе бастапқыда ойлағаннан да тереңірек екенін білдіреді», – деді Morningstar сарапшысы Дэвид Шварц.
Оның пікірінше, Nike бұған дейін персонал санын шамадан тыс көбейтіп жіберген болуы мүмкін.
Қысқарту Nike-қа материалдар, аяқ киім және киім жеткізу тізбегін жақсырақ біріктіруге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, компания өзінің технологиялық операцияларын екі негізгі орталыққа шоғырландырмақ. Nike қысқарту арқылы қанша қаражат үнемделетіні туралы ақпаратты жарияламады.
Бұған дейін, әлемдік медиакорпорация ВВС 2 мың қызметкерін қысқартқалы жатқанын жазғанбыз. Британдық хабар тарату корпорациясы қысқартуды инфляция, жаһандық экономикадағы тұрақсыздық, лицензиялық алымдар мен коммерциялық қызметтен түсетін табыстың азаюымен байланыстырып отыр.