Жаңалықтар

Қазақ ғалымы жас ғалымдарға арналған халықаралық сыйлыққа ие болды

Әсел Шәрімова
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінен

Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінің постдокторанты Әсел Шәрімова халықаралық Майкл Фуллан атындағы Кәсіби капитал және қауымдастық сыйлығының лауреаты атанды. 2026 жылы сыйлық әлем бойынша тек екі зерттеушіге берілді, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Бұл сыйлық білім беру саласында жұмыс істейтін жас ғалымдарға арналған. Әсел Шәрімова осы марапатқа ие болған бірінші қазақ ғалымы атанды.

Ол соңғы бес жылда Nazarbayev University-де жұмыс істейді. Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде де қызмет етіп, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен айналысқан. Бұған дейін Cambridge University-де білім беру саласы бойынша PhD дәрежесін қорғаған.

«Менің жұмысым мұғалімдердің виртуалды кәсіби қауымдастықтар аясында кәсіби капиталды қалай қалыптастырып, қалай жұмылдыратынын зерттеуге арналды, әсіресе, Қазақстан контекстіне басымдық берілді. Педагогтердің біліктілігін арттыру тәжірибесіне сүйене отырып, бірлескен оқытудың формалды дайындық бағдарламаларынан тыс қалай дамитынына қызығушылық таныттым. Сондай-ақ әлеуметтік желілердің бейресми оқытуға қалай ықпал ететінін зерттедім», – дейді Әсел Шәрімова.

Майкл Фуллан атындағы жас ғалымдарға арналған сыйлықты Journal of Professional Capital and Community журналы кәсіби капитал және білім беру қауымдастықтары саласындағы зерттеулер үшін табыстайды. Лауреаттар ақшалай сыйлық пен халықаралық академиялық мойындауға ие болады.

Осыған дейін Тоқаев та отандық ғылымның дамуына зор үлес қосқан бірқатар ғалымдарды мемлекеттік наградалармен марапаттаған.