Жаңалықтар

Жаслан Мадиев Тоқаевтың алдында 120 мыңға не сатып алды

Тоқаев, криптотөлем
фото: Ақорда

Өткен аптада жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев Тоқаевқа отандық CryptoPay жүйесін таныстырып, алғаш рет криптовалютамен төлем жасады. Бүгін жасанды интеллект вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев криптотөлем қалай жүзеге асқанын түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, бұл бағытта еліміздегі Binance Kazakhstan мен Alatau City Bank бірлесе жұмыс істейді. Бұл барлық операцияны ашық көруге мүмкіндік береді.

«Осы Binance Kazakhstan қазір Alatau City Bank-пен бірге жұмыс істейді. Егер сіз криптовалютамен төлем жүргізсеңіз, барлық транзакцияны анық көресіз», – дейді ол.

Вице-министр Қазақстанда криптотөлемдер айналымының ашық болғаны мемлекет үшін маңызды екенін, себебі бүкіл әлем осы бағытқа бет бұрып жатқанын атап өтті.

«Егер Қазақстан қазір белгілі бір шара қабылдамаса, ертең ол экономикалық жағынан да әсері болады. Криптовалютаны енгізгенде біздің қаржылық жүйемізге әсер етпейтіндей сауатты жасауымыз керек», – деп атап өтті Мұхаметқалиев.

Сондай-ақ ол министр 120 мың теңгеге не сатып алды деген сауалға да жауап берді.

«Ол жерде Alem.AI кәдесыйын, жейдесі мен бөтелкесін сатып алды. Енді мысал үшін сатып алынды ғой. Бірақ төлем ресми түрде жүргізілді», – деп түсіндірді вице-министр.

Қазақстанда криптовалютаны заңды түрде қолдануға мүмкіндік беретін CryptoCity пилоттық аймағы құрылатыны жайлы былтыр айтылған еді.

Ал биыл наурызда Тоқаев криптоиндустрияны дамыту бойынша жаңа тапсырма берді. Сол кезде саланы реттейтін заңнамалық өзгерістер мамырда күшіне енуі керек деген.

Айта кетейік, елімізде барлық криптовалюта түрімен төлем жасауға болмайды. Арнайы сатып алуға рұқсат етілетін криптовалюталар тізімі бекітілген.