
Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылы Қазақстан аумағында қанша ақбөкен ауланғанын жария етті. Енді шілде айында ел аумағында қанша ақбөкен қалғанын жария етпек.
«2025 жылы ақбөкендер популяциясын реттеу аясында табиғи ортадан 196 173 жануар алынды. Ақбөкендерді күнделікті аулау ет өңдеу кәсіпорындары мен сою пунктерінің күн сайынғы өтінімдеріне қатаң сәйкестікте жүргізіледі. Қазіргі уақытта ақбөкендер популяциясының санын реттеу мәселесі қарастырылып жатыр», – делінген «ҚазАқпарат» сауалына келген жауапта.
Сондай-ақ ведомство 2026 жылғы төлді есепке ала отырып жүргізіліп жатқан ақбөкендерді санау нәтижелері шілде айында белгілі болатынын хабарлады.
«Қазіргі уақытта ақбөкендердің басын санау жұмыстары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша олардың жалпы саны жарияланады», — деп атап өтті министрлік.
Еске салайық, Самарқанда өткен CITES Конвенциясы тараптарының 20-шы конференциясында Қазақстандағы киік мүйізіне нөлдік экспорттық квотаны алып тастау туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, елде киік санын реттеу шарасы басталғалы 175 мыңнан астам киік сойылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, киіктердің санын реттеу жұмыстарына жауапты 35 сою пунктінің 27-сі тәулігіне 5 885 бастан сойған.