
Алматыда өткен Fashion Week Almaty сән апталығы биыл тек дизайнерлік туындыларымен емес, ерекше қонақтарымен де есте қалды. Көпшілік күтпеген сәт – танымал тележүргізуші, медиаменеджер Ләйлә Сұлтанқызының подиумға модель ретінде шығуы болды.
Ләйлә Сұлтанқызы көрсетілімнен кейін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба қалдырды.
«Елуге келіп есірді демеңіз, еркінсідім», – деп жазды Сұлтанқызы.
Бұл сөздерімен тележүргізуші кез келген жаста жаңа қырынан көрінуден қорықпау керектігін және өмірден ләззат алудың маңыздылығын жеткізді.
Көпшіліктің жүрегін елжіреткен сәт
Алайда бұл кештің ең әсерлі тұсы подиумдағы сән емес, залдағы шынайы сезімдер болды. Желіде тараған тағы бір видеода Ләйлә Сұлтанқызының анасының қызына қарап, толқып отырған сәті таспаланған.
«Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар» демекші, қызы подиумда нық қадаммен жүріп өткенде, анасының сырттай тілеулес болып, ерекше мейіріммен қарап отырған бейнесі көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада өткен сән көрсетілімінде Назарбаевтың екінші әйелі төбе көрсеткен еді.